Көкшетау мен Қарағанды облысында арнайы бақылаудағы дәрі-дәрмектерді заңсыз сатты деген күдікпен 21 адам ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полиция мәліметінше, күдіктілер препараттарды Көкшетау, Щучинск және Бурабай курорттық аймағына жеткізіп, таратқан. Бір мезетте жүргізілген операция кезінде 11 адам қолға түсті. Олардың арасында фармацевтикалық компаниялардың иелері мен қызметкерлері, курьерлер және өзге де тұлғалар бар.
Тінту барысында 50 мыңнан астам "Тропикамед" құтысы мен соған ұқсас 4 мыңға жуық дәрілік зат тәркіленді. Сондай-ақ қару-жарақ, оқ-дәрі, бірнеше автокөлік және ірі көлемдегі ақша, оның ішінде шетел валютасы табылды.
Осындай операция Қарағанды мен Теміртауда да жүргізілді. Бұл қалаларда психикаға әсер ететін препараттарды заңсыз таратты деген күдікпен тағы 10 адам ұсталды.
Қазір аталған деректер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.