Қазақстан Ресейдің әрекеті ЕАЭО шартына қайшы екенін дәлелдеді

Кәмшат Тілеухан 05 нау. 2025 09:36 404

Қазақстан ЕАЭО шартының бұзушылықтарын дәлелдеді. Осылайша Ресей-Беларусь шекарасындағы қазақстандық тасымалдаушылар үшін қойылған тосқауыл алынып тасталды. Оларға енді алты бақылау-өткізу пункттерінің қызметі қолжетімді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді.

Айта кетсек, 2024 жылғы 8 қаңтардан бастап Ресей ФҚҚ шетелдік, соның ішінде қазақстандық тасымалдаушыларға шекарадан өтуге толық тыйым салды. Бұл Еуропа мен Қазақстан арасындағы транзитті бұғаттады.

"Жедел келіссөздер нәтижесінде 12 қаңтардан бастап "Езерище-Невель" (Лобок) шекара өткелі ашылды. Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссияға шағымданып, Ресейдің әрекеті ЕАЭО шартына қайшы екенін дәлелдеді. Комиссия тосқауылдың барын растады. Ресей визаларды өзара тану туралы келісім аясында шектеуді алып тастады. Енді шекара тек РФ мен Беларусь азаматтарына ғана емес, басқа елдерге де ашық. 25 ақпанда ЕЭК шектеудің алынғанын ресми түрде растады. Қазақстандық бизнес енді шекарадан еркін өте алады", делінген құзырлы министрлік хабарламасында.

Қазақстандық тасымалдаушыларға енді бұл бағытта алты бақылау-өткізу пункті қолжетімді: Юховичи – Долосцы, Езерище – Невель, Лиозно – Кругловка, Редьки – Красная Горка, Звенчатка – Дубовичка, Селище – Новозыбков.

Бұған дейін 1 ақпаннан бастап Ресеймен арадағы шекара бекеттерінің бірі уақытша жабылатынын жазғанбыз

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар