Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының 2024 жылдағы банк секторы бойынша талдауы жарияланды

Dalanews 06 ақп. 2025 14:37 1400

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) жанындағы сараптама орталығы 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің банк секторына жасалған шолуды ұсынды. Оған сәйкес, 2024 жылы қазақстандық банктер кредит беруді екі таңбалы өсіммен аяқтап, оң нәтиже көрсетті. Алайда, сарапшылар бұл ретте биыл жағдай өзгеруі мүмкін екенін ескертеді. Бұған инфляцияның қайта өршуі және соған байланысты базалық мөлшерлеменің тағы жоғарылау ықтималдылығы түрткі болуы мүмкін, деп жазады Dalanews.kz.

"2024 жылдың ішінде банктердің жалпы ссудалық портфелі 20 пайызға артты, бұл көрсеткіш тіпті осы сектордағы активтердің орташа өсімінен  (+19,7%) сәл асып түсті. Мұндай серпін, негізінен, бизнеске берілетін несие көлемінің 16,3 пайызға, ал халыққа берілетін тұтынушылық және өзге де бөлшек займдардың 23,9 пайызға ұлғаюымен байланысты болды", - дейді ҚҚҚ сарапшылары.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай көрсеткіштерге бірнеше фактор ықпал еткен:

  • Алдымен Қазақстан экономикасының жалпы өсім қарқыны елеулі рөл атқарды. 2024 жылы ішкі жалпы өнім 4,8 пайыздық межеге жетті. Кәсіпорындар мен шағын бизнес субъектілерінің табысы орта есеппен 16,8 пайызға ұлғайды, бұл олардың инвестициялық және айналым қаражатына деген сұранысын күшейткен.
  • Сонымен қатар, банктер жаңа цифрлық шешімдер енгізіп, несие рәсімдеуді оңтайландырды. Онлайн-скоринг жүйелері бұрынғыға қарағанда көп клиентті қамтуға мүмкіндік берсе, әртүрлі маркетингтік акциялар мен процентсіз бөліп төлеу ұсыныстары да халықты несие алуға ынталандырды.
  • Үкіметтің жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары, еңбекақының 13,1 пайызға өсуі және халық санының табиғи ұлғаюы – барлығы да тұтынушылық несиеге деген қызығушылықты арттырды. Нәтижесінде 300 мыңға жуық жаңа клиент банк секторының қызметін тұтынуға көшті.
  • Жыл бойы бизнеске несие беру ставкаларының біртіндеп төмендеу үрдісі байқалды, бірақ жылдың соңына қарай базалық мөлшерлеменің жоғарылауы кері әсерін бере бастады.  Онсыз да жоғары мөлшерлеме кей кезеңдерде маркетингтік ұсыныстар арқылы жасанды түрде төмендетілді.
  • Алайда жалпы жүйеге көз салсақ, банктер активтерінің кірістілігі де, міндеттемелерінің құны да 2022 жылдан бергі тұрақты өсімін тоқтатып, 2024 жылдың соңында төмендей бастады. Бұл көбіне, нарықтағы қатаң бәсеке және реттеуші органдардың енгізген талаптары есебінен орын алды.
  • Тәуекелдер деңгейі де белгілі бір дәрежеде азайған. Өйткені сектор бойынша NPL үлесі 3,1 пайыздың маңайында тұрақтап тұр, ал несие портфелінің өзі екі таңбалы өсім көрсетті. Сарапшылар сектордағы «тәуекел бағасының» 6,4 пайыздан 5,8 пайызға дейін төмендегенін айрықша атап өтті, бұған экономиканың тұрақты дамуы мен кәсіпорындар жағдайының жақсаруы ықпал етті. Мұндай жағдай банктердің шығын резервтерін азайтып, несиелеу ауқымын сақтап қалуына мүмкіндік берді. Бұл арада қауымдастық өкілдері бос өтімділік көлемінің жоғары екеніне назар аударады: жоғары өтімді активтердің үлесі активтердің 29,6 пайызына жеткен. Демек, нарықта қаржы жеткілікті, бұл 2025 жылы да несие нарығының қарқынын қолдай алады деген болжамды күшейтіп отыр.
  • Банк міндеттемелерінің негізгі арту көзі – клиенттік салымдар (92%) болды. Халықтың және кәсіпорындардың кірісі ұлғайғандықтан, банктерге құйылатын қаражат көлемі де артты. Бұған қоса, тартымды мөлшерлемелер, салықтық жеңілдіктер және капиталдандырылатын сыйақылар әсер етті.
  • Бизнестің жалпы өсімі, портфельдердің тұрақты сапасы және пайыздық маржа (6,7%) сектор кірісінің өсуіне ықпал етті, бұл өз кезегінде оның капиталдандыру деңгейіне (+29,6%) пайдалы әсер етті.
  • Салымдарға қоса «ұзақ ақшаның» үлесі де артқаны байқалды: мысалы, жинақ түріндегі салымдар бір жыл ішінде 1,3 триллион теңгеге көбейді, ал банктердің облигациялық міндеттемелері 385 миллиард теңгеге ұлғайды. Мұның бәрі банк жүйесіне ұзақ мерзімді несиелер бере алуға қолайлы мүмкіндік туғызуы тиіс.
  • Кірістің ұлғаюымен қатар капиталдандырумен салыстырғанда КТС төлемі бойынша шығыстар — 39,2% - ға, 324,3 млрд теңгеден 451,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Осыған орай, КТС бойынша республикалық бюджетке түсетін барлық түсімдердегі ЕДБ үлесі 8,3% - дан 12,4% - ға дейін артты.
  • Сектордың қаржылық нәтижелері мен капиталдандыруының жақсаруы рейтингтік агенттіктердің іс-әрекеттерінде де көрініс тапты: 2024 жылы олар банктердің рейтингтерін 13 есе арттырып, олардың алтауындағы болжамдарды жақсарта отырып, қайта қарады. Сонымен қатар, S & P екінші жыл қатарынан банк секторының елдік және салалық тәуекелдерін бағалауда көрсеткіштерді жақсартты.

Алдағы кезеңге қатысты сарапшылар бірқатар қауіп-қатерді де ескеруді жөн санайды. Біріншіден, ел ішінде инфляцияның қайта өршуі және соған байланысты базалық мөлшерлеменің тағы жоғарылауы ықтимал, бұл кредиттердің құнын өсіреді. Екіншіден, міндетті резерв нормаларының күшеюі банктердің қолындағы өтімділікті шектеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде "ең кемі 20 пайыздық несие өсіміне" қол жеткізу жоспарына кедергі жасауы ғажап емес. Бұған қоса, несиеге жүгінетін кәсіпорындардың көпшілігі өңдеу өнеркәсібі, сауда және ауыл шаруашылығы салаларында шоғырланғаны белгілі. Бұл салалардың басым бөлігі капитал сыйымдылығы жоғары және пайыздық мөлшерлемеге өте сезімтал. Яғни несие ставкалары тым көтерілсе, қолға алынған жобалар кейінге шегерілуі немесе тіпті тоқтатылуы ықтимал.

Соған қарамастан, сарапшылар банк жүйесінде әлі де өтімділіктің жеткілікті екенін, мұндай көлем нарықтың несиеге деген сұранысын қанағаттандыруға мол мүмкіндік беретінін баса айтады. Бюджет кірістерінің артуы және бизнестің тұрақты табысқа қол жеткізуі банктердің депозиттік қоржынының ауқымын кеңейтуде. Оның үстіне, ұзақмерзімді ресурс базасының ұлғаюы (жинақ түріндегі салымдар, облигациялар) нарыққа қосымша серпін бермек. Бұл, әсіресе, экономиканың ауқымды инвестицияны қажет ететін салаларын несиелеу үшін маңызды.

"Жалпы алғанда, 2024 жылы қазақстандық банктер кредит беруді екі таңбалы өсіммен аяқтап, оң нәтиже көрсетті. Экономикада сұраныс та, қаржы институттарының несие беру дайындығы да артып отыр. Алдағы жылы макроэкономикалық ахуал, ақша-несие саясаты және банк нарығындағы бәсекелестік сектордың даму қарқынын айқындайды. Ұлттық Банктің жүргізетін қатаң реттеу шаралары мен бастамалары, мысалы, несие мөлшерлемесін ұстап тұру не резерв нормаларын өзгерту сияқты тетіктер кредит нарығына ықпал етпей қоймайды. Соған орай сарапшылар 2025 жылы да несие ауқымы өседі деп күтеді, алайда нақты қарқын базалық мөлшерлеме саясатына және инфляциялық жағдайға байланысты болмақ", - дейді сарапшылар.

Бұған дейін сайтымызда "2024 жылы қазақстандық төрт банктің акционерлері құрамында ауыс-түйіс болды" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар