Астанада қосымша білім беру саласында «бір бала – бір ваучер» жүйесі іске қосылды. Бұрынғы жүйеде бір бала бірнеше үйірмеге қатыса алса, енді басымдық әлеуметтік осал топтарға беріледі. Бұл жаңашылдық ата-аналар мен балаларға қалай әсер етеді? Қандай өзгерістер бар? Осы сұрақтар төңірегінде Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымжан Сенғазыев айтып берді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде ваучерлік қаржыландыру жүйесі іске қосылған болатын.
"Бұл жүйе арқылы әр бала шығаршылық үйірмеге болсын, спорт секциясына немесе басқа да үйірмеге болсын қатысқысы келсе, қосымша білімді мемлекет есебінен ала алады. Алайда тәжірибе барысында әділетсіздік орын алды: бір бала бірнеше бағыттан ваучер алса, кейбір әлеуметтік осал отбасылар мүлде қамтылмады. Сонымен қатар әр басқарма – спорт, мәдениет, білім – өз кезектерін жүргізіп, ата-аналар арасында түсініспеушілік туындады", - дейді маман.
Қасымжан Сенғазыев осы олқылықтарды жою үшін нақты өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді.
"Ең басты өзгеріс – ваучер енді ұйымға емес, нақты балаға беріледі. «Бір бала – бір ваучер» қағидаты енгізілді. Сонымен қатар біз әлеуметтік әділдікті басты орынға қойдық: бала кезекке тұрған кезде оның әлеуметтік мәртебесіне байланысты коэффициент есептеледі. Біз балаларды 12 санатқа бөлдік. Мәселен, ерекше білімді қажет ететін балаларға коэффициент – 5, жетім немесе мүгедек ата-анасы бар балаларға – 3–4, көпбалалы отбасы балаларына – 2. Ал қалғандарға – 1. Мысалы, көпбалалы отбасынан шыққан бала жүйеге кейін тіркелсе де, әлеуметтік жағдайы ескеріліп, кезекте алға шығады", - дейді ол.
Осы платформа жайында ата-аналар мен ұйымдарды ақпараттандыру үшін Астана қаласының әкімдігі жауапты мамандар мен техникалық мамандар арқылы бірқатар түсіндіру жұмыстары мен оқыту семинарларын өткізді.
"Біз QOSYMSHA.KZ платформасын жетілдірдік, жеке кабинеттер енгіздік. Ата-аналар баланың мәртебесін енгізіп, кезекке тұра алады, ұйымды өздері таңдайды. Және ай сайын бала қатысқан күндер бойынша растау жасап отырады – бұл қаржыны әділ бөлуге мүмкіндік береді", - дейді маман.
Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымжан Сенғазыев жаңартылған жүйенің басты артықшылықтара тоқталды.
"Ең алдымен – әділдік. Жүйе әлеуметтік осал топқа басымдық береді. Екіншіден – ашықтық: ата-ана өзі таңдайды, өзі растайды. Үшіншіден – қолжетімділік: ерекше білімді қажет ететін балаларға алғаш рет толық мүмкіндік беріліп отыр. Бұл – біз үшін өте маңызды қадам. Қосымша білім – жай үйірме емес, баланың әлеуетін ашатын, өмірлік дағдыларын қалыптастыратын кеңістік. Бұл жүйе арқылы біз барлық балаға өз жолын табуға мүмкіндік береміз", - деді ол.