Күздің алғашқы айларында Қазақстан тұрғындарын жылы ауа райы қуантқан еді. Алайда, Қазгидромет мәліметінше, жақсы күндерді қамтамасыз еткен антициклон еліміздің аумағынан шығып, оның орнын суық солтүстік циклон басуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Суық ауа массаларымен қоректенетін бұл циклон Қазақстан арқылы жылдам жылжып, алдымен жаңбыр, кейін қар түрінде жауын-шашын әкеледі. 4 қарашадан бастап елдің солтүстік және шығыс өңірлерінде қар жауады. Сондай-ақ екпінді жел, боран және көктайғақ күтіледі.
Ауа температурасы да біртіндеп төмендейді. Солтүстік және шығыс аймақтарда 4 қарашада түнде 5–13 градус аяз, күндіз 3–11 градус аяз болады деп болжанып отыр.
Суық толқыны оңтүстік өңірлерді де айналып өтпейді. 4 қарашада жаңбыр мен қар түріндегі қатты жауын-шашыннан кейін аймақта ауа температурасы төмендеп, түнде 0–13 градус аяз, күндіз 0–5 градус жылы болады.
Метеорологтар тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне дайын болуды, жолда абай болып, жылы киінуді ескертеді.
