Атышулы экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісін қорғаған адвокат Назкен Құсайынова экс- шенеунікке тағылған жаза мерзімінің әділетсіз екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Тихий ужас» YouTube арнасына берген сұхбатында адвокат экс-министрге тағылған жаза мерзімі туралы өз пікірін білдірді.
«Үкім шығарылмас бұрын, судья жаза мерзімін айтқан кезде, аппеляцияға дайындық кезеңінде және жалпы алғанда көптеген адвокат мен тіпті депутаттар да өз пікірлерін білдірді. Осы іске қызығушылығы жоқ адамдар да қасақана өлім болмағанын айтты. Ол жағдайда ары кетсе ҚК-нің 106-бабының 3-тармағы бойынша қарастырылуы керек еді. Ал бұл бап бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіріп, абайсызда адам өлтіру үшін көбі 15 жылға бас бостандығынан айыру көзделген.
Бұл істі алғаш қолға алған кезде Қуандықтың өзіне де, оның ата-анасына да бұл істен ақталып шығу мүмкін емес екенін айтқанмын. Оның жазаға тартылатынын және адам өліміне себепкер болғанын түсінуі керек екенін айттым. Дегенмен, бұл жағдайда қасақана, нақты мақсатпен адам өлтіру жоспары болмағанын атап өттім», – деді адвокат.
Құсайынова Бишімбаевтың ісінен әлдеқайда ауыр жағдайлар болған басқа істерде жаза мерзімінің аз болғанын атап өтті.
«Менің ойымша, ол 15 жылдан аспауы керек еді. ҚК-нің 106-бабы бойынша 8 жылдан 15 жылға дейінгі аралықта жаза тағылған болуы тиіс еді. Біздің тапсырған құжаттарымыз бойынша 12 жыл беруге болатын еді, тіпті көп дегенде 15 жыл. Бірақ одан артық болмауы керек еді.
Бұл іс те басқа істер сияқты қарастырылуы тиіс еді деп ойлаймын. Мысалы, әлдеқайда ауыр жағдайларда, күйеуі әйелін көрпеге орап өртеп жіберген, құлағын кесіп, ернін тігіп тастаған сияқты оқиғаларда аз мерзімге сотталады. Бізде неге заң бір адамға басқаша, екіншісіне мүлдем басқаша қолданылады? Бізде бірыңғай заң болуы тиіс. 24 жылға соттау заңсыз және әділетсіз болды деп санаймын», – деді Назкен Құсайынова.
Айта кетейік, биыл 26 маусымда Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық істің апелляциялық сот отырысы болған еді. Алайда олардың апелляциялық өтініші қанағаттандырылмады.
Қуандық Бишімбаев 24 жылға, інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталған болатын.
Әйелін өлтіргені үшін 24 жылға қамауға алынған Қуандық Бишімбаев ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатыр.
Бұған дейін ҚАЖК өкілдері колонияда экс-министр үшін қолайлы орын әлі бос емес екенін, сондықтан жұмысқа тұрмағанын мәлімдеді.