Автокөлік несиесіне қатысты алаяқтық ісі бойынша іздеуде жүрген азамат Мысырдан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Қазақстан ІІМ Интерполының Ұлттық орталық бюросының сұранысы бойынша Мысыр астанасы Каирда халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы ұсталды. Қамауға алынған соң, ол қылмыстық полиция қызметкерлерімен Шымкент қаласына жеткізілді”, – делінген жұма күні таратылған ресми хабарламада.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 2023 жылы аталған азамат бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, өзге азаматтардың атына автонесиелер рәсімдеп, кейін сол көліктерді үшінші тұлғаларға сатып жіберген.
“Бұл іс бойынша полицияға 105 азамат арызданған. Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 1,5 млрд теңгеден асты. Күдіктіге Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша іс қозғалды: 190-баптың 4-бөлігі – аса ірі көлемдегі алаяқтық; 262-баптың 1-бөлігі – ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету, сондай-ақ оған қатысу; 217-баптың 1-бөлігі – қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оған жетекшілік ету. Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр”, – деп нақтылады ІІМ.