Қызылордада қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен мекеме басшысы ұсталды

Кәмшат Тілеухан 26 шіл. 2025 15:15

2025 жылы 23 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды" деген күдікпен ҚР Энергетика министрлігінің энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаменті республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысын ұстады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оған жер қойнауын пайдаланушылардан жүйелі түрде материалдық пайда алуға мүмкіндік беретін сыбайлас жемқорлық схемасын ұйымдастырды деген күдік келтіріледі. 

"Қазіргі уақытта осы адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) және 364-бабы 1-бөлігі (Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу) бойынша тергеу іс-шаралары жүргізілуде", делінген хабарламада.

Қамауда ұстау бұлтартпау шарасы ретінде тағайындалды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге ақпараттары жария етуге жатпайды.

Бұған дейін шетелдік компаниялардың серверлеріне заңсыз кіріп, компьютерлік деректерді шифрлайтын зиянды бағдарламалар орнатып, деректерді қалпына келтіру үшін криптовалюта түрінде төлем талап еткен хакер Алматыда ұсталғанын хабарлағанбыз


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар