Freedom Inside '26

ІІМ қызметкеріне қол көтерген сотталушыға қатысты шешім дау тудырды

ІІМ қызметкеріне қол көтерген сотталушыға қатысты шешім дау тудырды
Видеодан алынған кадр

Қарағанды тұрғыны Магамед Гагиев атышулы қаржы пирамидасы ісі бойынша күдікті ретінде қамауда отырған азаматтық некедегі жұбайы Лавреньевамен кездесуге келген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Патриот арнасының хабарлауынша, басқа адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылардың кезегіне байланысты арнайы жабдықталған кездесу бөлмелері бос болмай, кездесу кейінге қалдырылған.

Осы кезде Гагиев пен Қарағанды қаласындағы тергеу изоляторының режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысы Әсел Жамбаева арасында кикілжің орын алған. Әселдің әріптесі жанжалдың алдын алуға тырысқанымен, Гагиев денесімен полиция қызметкерін итеріп, соның салдарынан металл іздегіштің жақтауы шайқалып, құлай жаздаған. Кейін ол Ішкі істер министрлігінің қызметкерінің бетінен алақанымен ұрған. Оқиға орнында болған екінші полиция қызметкері де құқық бұзушылықтың алдын алуға әрекеттенгенімен, үлгермей қалған. Гагиев әйел қызметкерге қарай ұмтылып барып, тағы да соққы жасаған. Соққыдан полиция қызметкері құлап кете жаздаған.

Оқиға кезінде Гагиев шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандардың қатарында болған. Бұған дейін ол Теміртаудағы түнгі клубта 29 жастағы Нариман Бегимовті қасақана өлтіргені үшін сотталған. Жазасының өтелмеген бөлігін шартты түрде мерзімінен бұрын босату тәртібімен өтеп жүрген.

Тергеу изоляторында полиция қызметкеріне күш қолданғаны үшін және бұрынғы қылмысы бойынша өтелмеген жаза мерзімін ескере отырып, сот Гагиевті түпкілікті 5 жылға бас бостандығынан айырған.

Айта кетейік, Қазыбек би аудандық сотының судьясы Алексей Ан полиция қызметкерінің балағат сөз қолдануына байланысты жеке қаулы шығарып, соның нәтижесінде ол тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Алайда апелляциялық сатының судьясы Багдат Серғалиев үкімді жеңілдеткен. Ол Қылмыстық кодекстің 380-бабы («Билік өкіліне қатысты күш қолдану») бойынша сараланған әрекетті 109-бапқа («Денсаулыққа жеңіл зиян да келтірмеген ұрып-соғу») қайта саралап, Гагиевке қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындаған. Тергеу барысында қамауда өткізген уақыты жаза мерзіміне есептеліп, ол босатылған. Кассациялық сот алқасы бұл шешімді күшінде қалдырған.

ІІМ қызметкері Әсел Жамбаева бұл шешімге қатты таңғалғанын айтып, істің мән-жайын Бас прокуратурадан қайта зерделеуді сұрап отыр. Оның адвокаты Артем Шедогубовпен бірге апелляциялық және кассациялық сот алқаларының қорытындыларын әділетсіз деп санайды. Олар бірінші сатыдағы соттың судья Алексей Ан шығарған үкімін күшінде қалдыруды сұрап, оны әділдік қағидаттарына толық сәйкес келеді деп есептейді.