Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әнші Жұбаныш Жексенұлына қатысты ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 21 шілде күні түнгі сағат 00:30 шамасында елорданың халықаралық әуежайында болған. Әнші азаматша С.-ға балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірген және айналадағы адамдарға құрметсіздік танытқан.
Сот отырысында Жексенұлы өз әрекетін мойындап, сол сәтте эмоцияға берілгенін, істеген ісіне өкініп, кешірім сұрайтынын мәлімдеді. Жәбірленуші тарап азаматша С. оқиғаның расымен болғанын растады.
Құқық бұзушылық фактісі іс материалдары, хаттама, құқық бұзушы мен жәбірленушінің түсініктемелері, куәгерлердің айғақтары және бейнежазбалармен дәлелденген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігіне сәйкес, мұндай әрекет үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салу немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Сот Жұбаныш Жексенұлының кінәсін мойындауы мен өкінуін жазаны жеңілдететін, ал оқиға кезінде алкогольдік ішімдік ішкенін ауырлататын мән-жай ретінде ескеріп, оған 20 АЕК көлемінде, яғни 78 640 теңге айыппұл салу туралы шешім шығарды.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.