ЮНЕСКО деректеріне негізделген Visual Capitalist рейтингі Орталық Азия елдерінде қызу талқыға түсті. Рейтингте Қырғызстан білімге жұмсалатын мемлекеттік шығынның ЖІӨ-дегі үлесі бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына енген. Алайда сарапшылар бұл көрсеткіш білім беру жүйесінің нақты сапасын толық бағалауға мүмкіндік бермейтінін айтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Visual Capitalist жариялаған зерттеуге сәйкес, Қырғызстан білім саласына жалпы ішкі өнімнің шамамен 6,8 пайызын бағыттайды. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 4,9 пайыз шамасында. Бір қарағанда, Қазақстан көрші елден қалып қойғандай әсер қалдыруы мүмкін. Бірақ рейтинг тек бір ғана көрсеткішке – мемлекеттік шығындардың ЖІӨ-дегі үлесіне сүйенген.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай тәсіл білімнің сапасы, университеттердің халықаралық беделі, ғылыми зерттеулердің көлемі, шетелдік студенттер саны немесе түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі сияқты маңызды факторларды қамтымайды.
Қазақстан білімге қанша қаржы бөледі?
Салыстыру кезінде тек пайыздық үлесті емес, нақты бөлінген қаржы көлемін де ескеру қажет. Қазақстан экономикасының көлемі Қырғызстаннан әлдеқайда ірі болғандықтан, білімге бөлінетін қаражат та бірнеше есе көп.
2025 жылы Қазақстан білім саласына 6,7 трлн теңге бағыттады. Ал көрсетілген білім беру қызметтерінің жалпы көлемі 6,99 трлн теңгеге жеткен.
Салыстыру үшін, Қырғызстан осы салаға 68,8 млрд сом бөлген. Қазіргі бағам бойынша бұл шамамен 470–500 млрд теңге, яғни Қазақстан шығынынан 14 есеге жуық аз. Осындай қаржыландыру жаңа оқу корпустары мен жатақханалар салуға, зертханаларды жаңғыртуға, ғылыми жобаларды қаржыландыруға және ірі білім беру бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан білім беру жүйесін сапаға бағыттап жатыр
Соңғы жылдары Қазақстан жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға басымдық беріп келеді. Бұрын негізгі міндет білімге қолжетімділікті кеңейту болса, қазір басты назар кадр даярлау сапасын арттыруға, университет ғылымын дамытуға және халықаралық білім кеңістігіне кірігуге аударылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық әрі білім беру хабына айналдыру міндетін қойған. Осы мақсатта ғылымды қаржыландыру ұлғайып, шетелдік жетекші университеттердің филиалдары ашылып, академиялық ұтқырлық бағдарламалары кеңейтіліп, заманауи зерттеу орталықтары құрылып жатыр.
2025–2026 оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарында 678,1 мың студент білім алады. Мемлекет 93 116 білім грантын бөлді. Оның ішінде:
- бакалавриатқа – 77 084;
- магистратураға – 13 229;
- докторантураға – 2 803 грант.
Қазақстан университеттерінде бүгінде әлемнің 100-ден астам елінен келген 35 мыңнан астам шетелдік студент оқиды.
Шетелдік университеттердің филиалдары көбейді
Қазақстан жоғары білімді интернационалдандыру саясатын белсенді жүргізіп келеді. Соңғы жылдары елімізде 33 шетелдік университеттің филиалы ашылды.
Олардың қатарында:
- МИФИ;
- Аризона университеті;
- Сорбонна университеті;
- Лотарингия университеті;
- Cardiff University;
- De Montfort University;
- Бейжің тіл және мәдениет университеті;
- Лу Бань шеберханалары бар.
Мұндай жобалар қазақстандық жастарға халықаралық деңгейдегі білімді өз елінде алуға мүмкіндік беріп, шетелге кететін студенттер санын азайтуға ықпал етеді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Cardiff University мен Heriot-Watt University университеттерінің Қазақстандағы филиалдарында оқу құны негізгі кампустармен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді.
Министрлік мәліметінше, шетелдік студенттердің саны қазірдің өзінде 35 мыңнан асты, ал білім беру қызметтерінің экспорты қазақстандық жоғары оқу орындарына 22 млрд теңге кіріс әкелген. Болашақта бұл көрсеткішті 100 мың студентке дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Педагогтерді даярлау жүйесі жаңартылды
Жоғары біліммен қатар педагог кадрларын даярлау жүйесі де реформалануда.
2023 жылы Дүниежүзілік банктің қолдауымен Финляндияның жетекші университеттері мамандарының қатысуымен педагогикалық білім беру жүйесі толық жаңартылды. Соның нәтижесінде жаңа білім беру бағдарламалары әзірленіп, оқу жоспарлары қайта қаралды.
Реформаның алғашқы нәтижелерінің бірі ретінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Жасанды интеллект факультеті ашылды. Болашақта осындай жаңартылған модель еліміздің 40-тан астам университетінде енгізіледі.
Қазақстанның халықаралық байланысы күшейіп келеді
Қазіргі таңда қазақстандық университеттер әлемнің 400-ден астам жоғары оқу орнымен әріптестік орнатқан. Ортақ жобалар аясында қос диплом бағдарламалары, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, ғылыми зерттеулер және халықаралық зертханалар іске асырылып жатыр.
Соңғы жылдары Қазақстан АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия және Еуропалық одақ елдерінің университеттерімен ондаған жаңа келісім жасаған.
Халықаралық рейтингтердегі көрсеткіш жақсарды
Қазақстан университеттерінің халықаралық беделі де артып келеді. QS Asia University Rankings 2026 рейтингіне Қазақстанның 44 университеті енді. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Satbayev University және Абай атындағы ҚазҰПУ бар.
Сонымен қатар Қазақстанның бес университеті беделді Times Higher Education әлемдік рейтингіне кіріп, бұл көрсеткіш бойынша Орталық Азия елдері арасында үздік нәтиже көрсетті.
Ғылымға бөлінетін қаржы алты есеге өсті
Үкіметтің мәліметінше, соңғы алты жылда ғылымды қаржыландыру көлемі алты есеге ұлғайып, 2025 жылы 252,5 млрд теңгеге жеткен. 2024–2029 жылдарға арналған ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес, онжылдық соңына қарай ғылыми зерттеулерге жұмсалатын қаржы көлемін ЖІӨ-нің 1 пайызына дейін жеткізу жоспарланған.
Бұл үшін мемлекет ғылыми гранттарды көбейтіп, әзірлемелерді коммерцияландыруды қолдап, жаңа зертханалар мен инженерлік орталықтар құруда және бизнестің ғылымға инвестиция салуын ынталандырып келеді.
Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда көш бастап жүр
Министрліктің мәліметінше, 2024–2025 оқу жылында қазақстандық оқушылар халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 362 медаль жеңіп алды.
Олардың ішінде:
- 41 алтын;
- 127 күміс;
- 194 қола медаль бар.
Бұдан бөлек, оқушылар 48 құрмет грамотасына ие болды.
Жуырда өткен 56-халықаралық физика олимпиадасында (IPhO) Қазақстан құрамасының барлық 5 оқушысы алтын медаль жеңіп алды. Бұл – еліміздің осы олимпиадаға қатысқан 29 жылдық тарихындағы алғашқы әрі мектеп пәндері бойынша бұрын-соңды болмаған нәтиже.
Білім сапасы бір ғана көрсеткішпен өлшенбейді
Білімге бөлінетін шығынның ЖІӨ-дегі үлесі мемлекет үшін бұл саланың басымдығын көрсеткенімен, ол білім беру жүйесінің нақты сапасын толық сипаттай алмайды. Мамандардың пікірінше, объективті бағалау үшін қаржыландыру көлемі, ғылымның дамуы, университеттердің халықаралық рейтингтердегі орны, шетелдік студенттер саны, халықаралық әріптестік және оқушылардың халықаралық жетістіктері қатар қарастырылуы тиіс.
Осы көрсеткіштер бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы білім және ғылым орталығына айналу бағытын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.