Қазақстанда 12 жылдық білім беру бағдарламасын 11 жылға сыйғызу мүмкіндігі қарастырылады. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәселе 12 жыл оқитын Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі білім беру жүйесін талқылау кезінде көтерілген. Қазір министрлік оқу бағдарламаларын талдап жатыр.
"12 жылдық білім беру мазмұнын біріктіріп, "оны 11 сыныпта аяқтауға бола ма?" деген мәселені қарастырамыз. Осы мақсатта комиссия құрдық. Жұмыс жалғасып жатыр", - деді министр.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, кейбір ата-аналар балаларын НЗМ-дан 10-сыныптан кейін алып кетеді. Алайда мұндай оқушыларды жалпы білім беретін мектепке ауыстыру кезінде қиындық туындайды. Себебі қарапайым мектептерде негізгі орта білім 9-сыныптан кейін аяқталса, НЗМ-да бұл кезең 10-сыныптан кейін аяқталады.
Министр әзірге нақты шешім қабылданбағанын атап өтті. Комиссия оқу бағдарламаларын зерттеп, 12 жылдық білім беру моделін 11 жылға қысқарту мүмкіндігін анықтайды.