Қазақстанда мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтерін қызметке тағайындау және қызметтен босату қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құжат 2026 жылғы 6 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Жаңа талаптарға сәйкес, мектеп директорының лауазымы бос немесе уақытша бос болған жағдайда аудандық не қалалық білім бөлімі бес жұмыс күні ішінде облыстық білім басқармасына конкурс өткізу туралы ресми өтініш жолдауы тиіс.
Конкурс аяқталғанға дейін директордың міндетін оның орынбасары немесе сол білім беру ұйымының педагогі атқарады. Бұл мерзім алты айдан аспауы керек. Егер конкурс өтпей қалса, міндет атқару мерзімі тағы алты айға ұзартылуы мүмкін.
Түзетулерге сәйкес, бірқатар кандидаттар мектеп директоры лауазымына үміткер болған кезде сертификаттаудан өтпейді.
Олардың қатарына:
- Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері;
- Назарбаев университетінің түлектері;
- «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған азаматтар;
- QS, Times Higher Education (THE) және ARWU рейтингтеріндегі әлемнің үздік 100 университетінің түлектері кіреді.
Алайда мұндай кандидаттардың педагогикалық немесе тиісті кәсіби жоғары білімі және педагогикалық қайта даярлаудан өткенін растайтын құжаты болуы қажет. Ал қалған үміткерлер нормативтік-құқықтық актілерді білу бойынша сертификаттаудан және мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын тестілеуден өтеді. Конкурсқа қатысу үшін КАЗТЕСТ немесе QAZAQ RESMI TEST жүйесі бойынша кемінде В1 деңгейіндегі сертификат талап етіледі. Сертификаттау кезінде әр нормативтік-құқықтық акт бойынша дұрыс жауаптардың ең төменгі көрсеткіші 50 пайыз болып белгіленген. Тестілеуге 96 минут беріледі.
Конкурс қорытындысы бойынша шешімді арнайы комиссия қабылдайды. Жеңімпаз ең көп балл жинаған кандидат болып танылады. Егер бірнеше үміткердің балы бірдей болса, комиссия мүшелері ашық дауыс беру арқылы шешім шығарады. Дауыстар тең түскен жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болады. Сондай-ақ конкурс комиссиясы мүшелерінің арасында мүдделер қақтығысы анықталса, комиссия құрамы қайта қаралады.
Конкурсқа қатысу үшін құжаттар хабарландыру жарияланғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданады.
Үміткерлер құжаттарын:
- электронды форматта;
- қағаз түрінде;
- «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы;
- қызмет көрсетуші мекеменің кеңсесі арқылы;
- электрондық үкімет порталы арқылы тапсыра алады.
Жаңа қағидаларда еңбек шартының мерзімі аяқталғаннан кейін директор міндетін уақытша атқару тәртібі де нақтыланған. Білім беру ұйымының басшысы мен басқару органының келісімі болған жағдайда, ол конкурс аяқталғанға дейін уақытша басшы болып қала алады. Бірақ бұл мерзім алты айдан аспауы тиіс.
Белгіленген мерзім аяқталған соң еңбек шарты тоқтатылады. Ал шартты бұзу туралы хабарламаның болмауы оның автоматты түрде ұзартылуына негіз болмайды.
Өзгерістер ұлттық «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған білім беру ұйымдарына кадр тағайындау тәртібіне де қатысты. Кадр резервіне енгізілген директор орынбасарлары мұндай мектептердегі директор немесе директордың орынбасары қызметтеріне басымдықпен тағайындалады. Ал кадр резервіндегі педагогтер «Жайлы мектептердегі» директор орынбасары лауазымдарына орналасу кезінде артықшылыққа ие болады. Жаңа түзетулер педагогтерді конкурстық және конкурстан тыс негізде жұмысқа қабылдау тәртібін де өзгертеді.