Білім саласының сарапшысы, Qazaq Expert Club мүшесі Жазира Асанова халықаралық PISA-2025 зерттеуінің қорытындыларына талдау жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстандық оқушылардың математика бойынша нәтижелері төмендеген, ал оқу сауаттылығы соңғы он жылдан астам уақыт бойы айтарлықтай өзгермей келеді. Мұндай қорытындыны PISA-2025 халықаралық зерттеуі көрсетті. Сонымен бірге жаратылыстану ғылымдары бойынша оқушылардың нәтижелері оң динамика танытқан.
PISA-2025 нені көрсетті?
PISA (Programme for International Student Assessment) – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) 2000 жылдан бері үш жыл сайын өткізетін халықаралық зерттеу. Ол 15 жастағы оқушылардың мектеп бағдарламасын қаншалықты меңгергенін емес, білімдерін өмірде қолдану қабілетін бағалайды. Зерттеу ақпаратты түсіну мен бағалау, мәселе шешу, деректермен жұмыс істеу және қорытынды жасау дағдыларын өлшейді.
Қазақстан PISA зерттеуіне 2009 жылдан бері қатысып келеді. 2026 жылғы 8 қыркүйекте ЭЫДҰ PISA-2025 нәтижелерін жариялады. Зерттеуге әлемнің 91 елі мен экономикасынан 760 мыңнан астам оқушы қатысқан. Қазақстаннан шамамен 22,7 мың оқушы мен 643 білім беру ұйымы қамтылды.
Бұл циклде негізгі назар жаратылыстану ғылымдарына аударылды. Сонымен қатар алғаш рет «Цифрлық әлемде оқыту» бағыты аясында есептеу арқылы мәселе шешу қабілеті де бағаланды.
Қазақстанның орташа көрсеткіші жаратылыстанудан 420 балл болды. Бұл ЭЫДҰ бойынша орташа 482 баллдан төмен. Математикадан қазақстандық оқушылар 414 балл жинаса, ЭЫДҰ елдерінің орташа нәтижесі – 463 балл. Оқу сауаттылығы бойынша Қазақстан 385 балл көрсетсе, ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткіші 461 баллды құрады. Есептеу арқылы мәселе шешу бағытында Қазақстан 449 балл жинады, ал ЭЫДҰ орташа көрсеткіші – 500 балл.
Алайда сарапшының айтуынша, орташа балл жалпы жағдайды толық көрсете алмайды. Маңызды көрсеткіштердің бірі – функционалдық сауаттылықтың кем дегенде базалық деңгейіне жеткен оқушылардың үлесі. Қазақстанда мұндай оқушылардың үлесі жаратылыстанудан – 52%, математикадан – 44%, ал оқудан небәрі 36% болды. Яғни 15 жастағы оқушылардың жартысына жуығы жаратылыстанудан, жартысынан көбі математикадан және үштен екіге жуығы оқудан базалық деңгейге жете алмай отыр.
ЭЫДҰ әдістемесі бойынша PISA-дағы шамамен 20 балл бір оқу жылындағы орташа өсімге сәйкес келеді. Осы есеппен алғанда Қазақстан мен ЭЫДҰ орташа көрсеткіші арасындағы алшақтық математикадан 2,5 жылды, жаратылыстанудан 3,1 жылды және оқудан 3,8 жылды құрайды. Ал Сингапур мен Қытайдың жетекші білім беру аймақтарымен салыстырғанда айырмашылық кей бағыттар бойынша 7-10 оқу жылына тең.
Сонымен қатар сарапшы бұл көрсеткіштерді қазақстандық оқушылар бірнеше сыныпқа қалып қойды деп түсінбеу керектігін атап өтті. ЭЫДҰ мұндай айырмашылықтарды оқу жылдарына тікелей аударуға болмайтынын ескертеді. Дегенмен көрсеткіштер білім беру жүйелері арасындағы қашықтықтың көлемін жақсы көрсетеді.
Сондай-ақ жарияланған материалдарда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің нәтижелері бөлек көрсетілмеген. Олар жеке іріктеме ретінде қатысады және ұлттық көрсеткішке енгізілмейді. NIS бойынша деректер кейінірек жариялануы мүмкін.
Қай бағытта ілгерілеу бар?
Сарапшы PISA-2025 нәтижелерін әлемдік үрдістен бөлек қарастыруға болмайтынын айтады. Себебі ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткіштері зерттеу тарихындағы ең төмен деңгейлердің біріне түскен. Бір цикл ішінде оқу сауаттылығы шамамен 14 баллға, ал математика 9 баллға төмендеген.
Қазақстан үшін ең айқын оң өзгеріс жаратылыстану ғылымдары бойынша байқалды. 2018 жылы көрсеткіш 397 балл болса, 2025 жылы 420 баллға жеткен. 2022 жылғы 423 баллдық нәтиже де негізінен сақталған.
Математика бойынша жағдай керісінше. Егер 2022 жылы Қазақстан 425 балл жинаса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 414 баллға дейін төмендеген.
Ал оқу сауаттылығы ең тұрақты проблема болып қалып отыр. 2009 жылы бұл көрсеткіш 390 балл болса, 2012 жылы – 393, 2018 жылы – 387, 2022 жылы – 386 және 2025 жылы 385 баллды құраған. Яғни 16 жыл ішінде айтарлықтай ілгерілеу байқалмаған.
Сарапшының пікірінше, бұл нәтижелерді енді пандемия немесе қашықтан оқыту кезеңімен түсіндіру жеткіліксіз. Қазақстандағы негізгі тәуекелдер бұрыннан белгілі: оқу сауаттылығының төмендігі, білімді жаңа жағдайда қолданудағы қиындықтар және жоғары деңгейге жететін оқушылар санының аздығы. Бірақ бұл мәселелерді шешуде тұрақты өзгерістер әлі байқалмай отыр.
Түркия мен Өзбекстан тәжірибесі
Әлемдік көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан, кейбір елдер өз нәтижелерін жақсарта алған. Мысалы, Түркия PISA-2025 зерттеуінде жаратылыстанудан 494 балл, математикадан 462 балл және оқудан 472 балл жинады. Бір цикл ішінде елдің нәтижесі жаратылыстанудан 18 баллға, оқудан 16 баллға және математикадан 8 баллға артқан.
Өзбекстан да назар аударуға тұрарлық нәтиже көрсетті. Ел негізгі циклге алғаш рет 2022 жылы қатысқанымен, 2025 жылы жаратылыстанудан 438 балл жинап, Қазақстаннан 18 баллға жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Дегенмен есептеу арқылы мәселе шешу бағытында Қазақстан алда келеді – 449 баллға қарсы 402 балл.
Сарапшының айтуынша, бұл салыстырулар елдерді кезекті рет рейтингтеу үшін емес, білім беру нәтижелерін қысқа мерзімде де жақсартуға болатынын көрсету үшін маңызды.
Оқу сауаттылығы – бүкіл жүйенің негізі
PISA оқу сауаттылығын тек тіл мен әдебиет пәндерінің мәселесі ретінде қарастырмайды. Ол күрделі мәтінді түсіну, негізгі ойды анықтау, дереккөздерді салыстыру, дәлелдерді бағалау және жеке қорытынды жасау қабілетін өлшейді.
Егер бұл дағдылар жеткілікті дамымаса, мәселе барлық пәндерде көрінеді. Оқушы математикалық формуланы білуі мүмкін, бірақ тапсырманың шартын дұрыс түсінбеуі ықтимал. Немесе ғылыми фактіні білгенімен, графикті түсіндіре алмауы мүмкін.
Сондықтан оқу сауаттылығының базалық деңгейіне тек 36% оқушының жетуі – оқушылардың жалпы оқу қабілетінің көрсеткіші.
Бұдан бөлек, Қазақстанда жоғары нәтижеге қол жеткізетін оқушылардың үлесі де өте аз. Оқу мен жаратылыстану бағыттары бойынша мұндай оқушылар іс жүзінде жоқ, ал математикада олардың үлесі шамамен 1%-ды ғана құрайды.
Сабақ сапасы маңызды бола түсті
PISA-2025 Қазақстанда оқыту жағдайларының бірқатар көрсеткіштері жақсарғанын тіркеді. Мұғалім жетіспеушілігі, оқу материалдарының тапшылығы немесе материалдық-техникалық базаның әлсіздігі мәселелері азайған.
Оқушылардың өздері де мұғалімдердің қолдауын жоғары бағалаған. Мысалы, 85%-ы жаратылыстану пәні мұғалімі әр баланың оқуына қызығушылық танытатынын айтқан. 86%-ы мұғалім түсінгенге дейін түсіндіретінін, ал 88%-ы қажет болған жағдайда қосымша көмек көрсететінін жеткізген.
Сарапшының пікірінше, енді нәтижелерді тек ресурстардың жетіспеушілігімен түсіндіру жеткіліксіз. Негізгі мәселе сабақ барысында нақты не болып жатқанына байланысты.
Жасанды интеллект және цифрлық орта
Қазақстандық оқушылар мектепте цифрлық құрылғыларды ЭЫДҰ елдеріндегі құрдастарына қарағанда көбірек пайдаланады. Олар оқу үшін күніне орта есеппен 2,2 сағат құрылғылар қолданады. ЭЫДҰ бойынша бұл көрсеткіш 1,7 сағат.
Жасанды интеллект оқу процесінің күнделікті бөлігіне айналған. Қазақстандық оқушылардың 47%-ы оқу барысында чат-боттарды аптасына кемінде бір рет пайдаланады. Бұл ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішімен шамалас. Сонымен қатар оқушылардың 80%-ы сабақта жасанды интеллект жасаған ақпараттың сапасын бағалауға мәжбүр болатынын айтқан.
Алайда сарапшы технологияны пайдалану жиілігінен бұрын оның қалай қолданылатыны маңызды екенін атап өтті. Егер жасанды интеллект балама шешім табуға, дәлелдерді тексеруге немесе кері байланыс алуға көмектессе, ол оқытуды күшейте алады. Ал егер ол оқушының өз бетінше оқуын алмастырса, қажетті дағдылардың қалыптасуына кедергі келтіруі мүмкін.
Білім беру жүйесіне қандай өзгерістер қажет?
Сарапшының пікірінше, PISA-2025 нәтижелері білім беру жүйесінің келесі кезеңі мектептерге қосымша ресурс бөлуден гөрі, сол ресурстардың қалай пайдаланылатынына назар аударуы керектігін көрсетті. Ең алдымен барлық пәндер бойынша мағыналық және аналитикалық оқу дағдыларын дамыту қажет. Оқушылар күрделі мәтіндермен, графиктермен, бірнеше дереккөзбен жұмыс істеуді және ойын кең көлемде жазбаша жеткізуді меңгеруі тиіс.
Сонымен қатар мектептердің жабдықталуын ғана емес, білім беру нәтижесін де бағалау маңызды. Мұғалімдердің диагностикалық құзыреттерін күшейту, білімдегі олқылықтарды ерте анықтау және цифрлық ортада түсінікті ережелер қалыптастыру қажет.
Сарапшының қорытындысы бойынша, білім беру саясатының келесі кезеңі мектептің не алғанына емес, баланың қандай дағдыларды меңгергеніне бағытталуы керек. Атап айтқанда, күрделі мәтінді оқу, талдау, деректермен жұмыс істеу, білімді қолдану, шешім іздеу және ақпаратты сыни бағалау қабілеттерін дамыту басты мақсатқа айналуы тиіс.