Қазақстанда кәсіпкерлікті несиелендіру бірнеше жылға созылған төмендеуден кейін қайта жанданды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банктер экономиканы белсенді қаржыландыруға көшкен, деп хабарлайды dalanews.kz.
2017–2020 жылдар аралығында нақты секторға берілген несие көлемі 16,1 пайызға қысқарған. Алайда 2021 жылдан бастап көрсеткіш тұрақты өсімге шықты.
2021–2025 жылдары бизнеске берілген несие портфелі жыл сайын орта есеппен 15,3 пайызға ұлғайған. Нәтижесінде 2020 жылдан бері оның көлемі екі еседен астам өсіп, 16,1 трлн теңгеге жетті. Ал несие алған кәсіпкерлердің саны 57 мыңнан 597 мыңға дейін, яғни он еседен астам көбейді.
"Бизнеске берілетін несиенің бірнеше жыл бойы қысқару үрдісі тоқтады. Банктер экономиканы қайтадан белсенді қаржыландыра бастады", – деді агенттік төрағасы.
Сонымен қатар банктердің ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі кеңейтілген. Шағын және орта бизнеске берілетін несиелер мен синдикатталған қарыздар бойынша тәуекел салмағы 50 пайызға дейін төмендетілді. ШОБ-ты қолдауға арналған кепілдік қоры құрылып, синдикатталған несиелеудің құқықтық негізі қалыптастырылды.
"Бәйтерек" холдингімен бірлесіп жалпы құны 10,7 трлн теңге болатын инвестициялық жобалар пулы жасақталған. Оның ішінен 2,5 трлн теңгеге бағаланған тоғыз жоба мақұлданды.
Келесі кезеңде банктердің инвестициялық жобаларға қатысу ауқымын кеңейтіп, тікелей мемлекеттік қаржыландырудан жеке банк капиталын тартуға біртіндеп көшу жоспарланып отыр.
Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, банк секторы сауықтыру кезеңінен өтіп, жеткілікті тұрақтылық қорын қалыптастырған. Ендігі міндет – осы ресурсты бизнесті, жеке инвестицияларды және экономикалық өсімді қаржыландыруға бағыттау.