Қазақстанда мектептерде ұялы телефон пайдалану тәртібі Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне берілді. Қазір бұл мәселеге қатысты жаңа ережелер әзірленіп, келісу және талқылау кезеңінен өтіп жатыр. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, жаңа қағидаларға сәйкес, оқушылар ұялы телефонды оқу процесі кезінде пайдалана алмайды.
– Ұялы телефондар сабақ барысында қолданылмауы тиіс. Бұл талап ережеде нақты көрсетілген. Алайда мектепте қажетті жағдай жасалған болса, үзіліс кезінде оқушылар телефондарын пайдалана алады, – деді вице-министр.
Сонымен қатар мұғалімнің күнтізбелік-тақырыптық жоспарына сәйкес сабақ барысында белгілі бір тапсырмалар қарастырылса, оқушыларға телефон қолдануға рұқсат беріледі.
– Егер педагогтің күнтізбелік-тақырыптық жоспарында телефонды қолдануды қажет ететін жұмыс түрлері болса, онда оқушылар оны сабақ кезінде пайдалана алады. Бұл тек оқу бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады, – деді Шынар Ақпарова.
Телефондарды сейфке тапсыру міндеттелмейді
Вице-министр жаңа ережелерде телефондарды міндетті түрде сейфте сақтау талабы қарастырылмағанын айтты.
– Біз телефондарды міндетті түрде сейфте сақтау жөнінде талап енгізіп отырған жоқпыз. Телефон оқушының сөмкесінде де, сыныпта да болуы мүмкін. Ең бастысы – сабақ кезінде өшіріліп тұруы тиіс, – деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ ата-аналардың балаларымен байланысуы үшін мектептерде арнайы байланыс арналары ұсынылады.
– Ата-аналар қажет болған жағдайда балаларымен хабарласа алуы үшін бірыңғай байланыс нөмірлері немесе байланыс арналары қарастырылады. Бұл талаптар да жаңа ережеде көрсетілген, – деді бірінші вице-министр.
Мұғалімдер телефон жоғалса жауап бере ме?
Журналистердің мұғалімдер оқушылардың жоғалған телефондары үшін материалдық жауапкершілікке тартыла ма деген сұрағына Шынар Ақпарова мұндай норма қарастырылмағанын айтты.
– Бұл жерде материалдық жауапкершілік туралы мәселе көтеріліп отырған жоқ. Әрине, мұғалімдер оқу процесі кезінде балалардың қауіпсіздігіне, өмірі мен денсаулығына жауап береді. Бірақ телефон жоғалған жағдайда педагогтан материалдық өтемақы талап ету немесе оны автоматты түрде жауапты ету қарастырылмаған, – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, телефон жоғалған әрбір жағдай жеке қаралады.
– Егер мұндай жағдай орын алса, оның қашан және қандай жағдайда болғаны анықталады. Тиісті шаралар қабылданады. Ең алдымен кінәлі тұлғаны анықтау қажет болады, – деп түйіндеді Шынар Ақпарова.