Қазақстанда жыл соңына қарай инфляция күткеннен де қатты баяулап, теңге бағамы бір доллар үшін 400 теңгеден де төмен түсуі мүмкін. Бұл туралы ITS IDEAS алаңында Freedom Holding Corp. негізін қалаушы әрі бас директоры Тимур Турлов айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, теңгенің нығаюы қазірдің өзінде инфляция жылдам төмендеуіне әсер етіп отыр. Сонымен қатар, кейінгі 2-3 айда теңгенің рубльге қатысты нығаюы алдағы уақытта инфляцияның одан әрі төмендеуіне ықпал етуі мүмкін. Қазақстанда пайыздық мөлшерлемелер жоғары болуы жергілікті қаржы құралдарын шетелдік инвесторлар үшін тартымды етіп отыр. Соның арқасында елдің мемлекеттік және жеке секторларына инвестиция келіп жатыр.
"Өткен жылдың соңында доллар бағамы 500 теңгеден төмен болады дегенімде, бұған көп адам сенбеді. Осылай жалғаса берсе, теңге бағамы 400 теңгеден де күшейеді және оны тоқтату қиын болады. Біз теңгенің үнемі әлсіреуіне үйреніп қалдық. Бірақ, сеніңіздер, керісінше болуы да мүмкін", - деді ол.
Cонымен қатар, ол теңгенің шамадан тыс нығаюы мен қаржы нарығындағы құбылмалылық экономикаға қиындық туғызуы мүмкін екенін ескертті.
Бизнесмен Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары шетелдік инвесторлар үшін қазір өте тартымды екенін атап өтті. Оның сөзінше, теңгедегі жоғары табыс пен ұлттық валютаның нығаюы инвесторларға доллармен есептегенде де қомақты пайда әкеліп отыр.
Мысалы, инвестор 100 мың долларын теңгеге айырбастап, мемлекеттік бағалы қағаздарға салса, жылына шамамен 16-17 пайыз табыс ала алады. Ұзақ мерзімді бағалы қағаздарға инвестиция салған жағдайда доллармен есептегендегі табыс бұдан да жоғары болуы мүмкін.