«Алматы – Бішкек» жолында ауыр жүк көліктеріне шектеу қойылады

«Алматы – Бішкек» жолында ауыр жүк көліктеріне шектеу қойылады
pixabay.com

«Алматы – Бішкек» автожолының Қаскелең маңындағы учаскесінде ірі габаритті және ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Шектеу 2026 жылғы 11 қыркүйектен бастап республикалық маңызы бар автожолдың 25-шақырымында қолданылады. Бұл көлік айрығының монолитті аралық құрылысын орнату жұмыстарына байланысты енгізілмек.

Биіктігі 4,5 метрден және ені 8 метрден асатын ірі габаритті және ауыр жүк көліктерінің қозғалысына қойылған шектеу құрылыс жұмыстары толық аяқталғанға дейін, яғни 2026 жылдың соңына дейін жалғасады.

Бұл талап жеңіл және жолаушылар көлігіне, сондай-ақ белгіленген габариттен аспайтын жүк көліктеріне қатысты емес.

Жүргізушілерге маршрутты алдын ала жоспарлап, қажет болған жағдайда балама бағыттарды пайдалану ұсынылады. Жол қозғалысына қатысушылардан уақытша шектеулерді ескеріп, жол белгілері мен қауіпсіздік талаптарын сақтау сұралды.