Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы: форумда қандай мәселелер қаралды?

Қаракөз Амантай 16 мау. 2025 15:36

Астанада өткен "Қытай – Орталық Азия" II индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумында Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдетуге бағытталған бірқатар маңызды мәлімдеме жасалды. Форум аясында ауыл шаруашылығынан бастап сирек кездесетін металдар өндірісіне дейінгі түрлі саладағы ынтымақтастық талқыланды. Сондай-ақ инвестициялық қолдаулар мен ірі жобалар жөнінде нақты ақпараттар берілді. Dalanews.kz жиында көтерілген негізгі мәселелерге шолу жасады.

Инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалады

Форумда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстан шетелдік, соның ішінде қытайлық инвесторларға барынша қолдау көрсетіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, елімізде әр инвесторға “кілтпен тапсыру” қағидаты бойынша кешенді қолдау ұсынылады. Бұл салықтық және кедендік жеңілдіктер, мемлекет тарапынан гранттар беру, инфрақұрылым мәселелерін шешу, ресурстарға қол жеткізу мен экспорттық қолдау секілді түрлі артықшылықтарды қамтиды.

"Біз инвесторлар үшін барлық қажетті жағдайды жасап жатырмыз. Қытайлық әріптестерімізді Қазақстанда және бүкіл Орталық Азия аймағында жаңа жобаларды іске асыруға шақырамыз", – деді Роман Скляр.

Ауыл шаруашылығы мен стратегиялық металдарға басымдық беріледі

Роман Склярдың айтуынша, Орталық Азия – ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше қолайлы өңір. Қазақстан осы салада жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті арттыруға және қайта өңдеу өндірісін жолға қоюға ниетті.

"Ауыл шаруашылығында басты басымдық – жаңа технологияларды енгізу, өнімділікті арттыру және қайта өңдеу ісін жетілдіру. Қазақстан алдағы он жылда дәнді-дақылдарды терең өңдеу бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына кіруді көздеп отыр", – деді Роман Скляр.

Сондай-ақ ол Қазақстан мен Қытай арасында органикалық өнім экспортын кеңейту үшін барлық шектеу жойылса, бұл бағытта айтарлықтай серпіліс болатынын атап өтті.

Бұдан бөлек, Роман Скляр сирек кездесетін және стратегиялық металдар саласында да ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтудың маңыздылығын айтты. Оның сөзінше, мұндай металдарға жаһандық сұраныс жыл сайын артып келеді және оларды кейде "екінші мұнай" деп те атайды.

"Қазақстанда шамамен бес мыңға жуық зерттелмеген пайдалы қазба кен орындары бар. Қазіргі таңда біз екі негізгі бағытқа ден қойып отырмыз: жоғары температураға төзімді никель қорытпаларын өндіру және аккумуляторларға арналған материалдарды шығару. Бұл ретте біз "инвестициялар мен технологиялар – шикізатқа" қағидатына сүйеніп, қытайлық компаниялармен бірлесіп нақты жобаларды жүзеге асыруға әзірміз", – деді Скляр форум барысында.

Қытай капиталы бар жобалар – аймақтық өсімнің қозғаушы күші

Форум аясында Роман Скляр Қазақстанда қытайлық инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 66,4 млрд АҚШ долларын құрайтын 224 жобаның жүзеге асып жатқанын айтты. Бұл жобалар 50 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2024 жылы Қытай мен Орталық Азия арасындағы сауда көлемі 95 млрд долларға, ал Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 44 млрд долларға жетіп, тарихи межені бағындырғаны айтылды.

"Қытай капиталы бар шамамен 10 мыңға жуық компания біздің нарықта жұмыс істеп жатыр. Қытайдың өңір экономикасына салған инвестициясының көлемі 40 млрд доллардан асты. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан трансұлттық жобалар өңірдің экономикалық өзара байланысын нығайтуға елеулі үлес қосып отыр", – деді Роман Скляр.

Айта кетейік, бүгін Астанаға Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин сапармен келді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оны әуежайдан қарсы алып, еліміздегі жоғары деңгейдегі құрмет көрсетілді. Ел шекарасынан бастап елордаға дейін Қытай көшбасшысының бортын Қазақстан Әуе қорғаныс күштерінің ұшақтары сүйемелдеді. Трапта құрмет қарауылы сап түзеді, ал мәртебелі мейманға Қазақстан мен Қытайдың туларын ұстаған жеткіншектер қошемет көрсетті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар