Қазақстан мен Кореяның бірлескен операциясы: қылмыстық топ әшкереленді

Қазақстан мен Кореяның бірлескен операциясы: қылмыстық топ әшкереленді
Ақорда

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстауға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді. Бұл туралы ол өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Корея басшысының мәліметінше, Камбоджа мен Вьетнам арқылы Қазақстанға жасырын кіріп, кореялық азаматтарға қарсы телефон алаяқтығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері жергілікті жерде ұсталған. Ұсталғандар екі апта ішінде толықтай Оңтүстік Кореяға жеткізіліп, қазір оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қазақстанның көмегі аталып өтті

Ли Чжэ Мён қылмыскерлерді ұстаудан бастап елге қайтаруға дейінгі жұмыстардың жедел орындалуы Қазақстан тарапының қолдауының арқасында мүмкін болғанын атап өтті.

– Бұл нәтиже Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белсенді қолдауы мен ынтымақтастығының арқасында жүзеге асты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барлық тиісті тараптарға шынайы алғысымды білдіремін, – деп жазды Корея президенті.

Саммитте жеке алғыс айтпақ

Сондай-ақ ол алдағы айда өтетін «Корея Республикасы – Орталық Азия» саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, алғысын жеке жеткізуге ниетті екенін мәлімдеді.

Корея президенті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте ешқандай жеңілдік болмайтынын айтып, заң бұзушылар қай жерде жасырынса да жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.

– Корея азаматтарының қауіпсіздігі мен бейбіт өміріне қауіп төндіретін қылмыстарға ешқандай ерекшелік жасалмайды. Олар қай жерде жүрсе де, соңына дейін іздестіріліп, міндетті түрде заң алдында жауап береді, – деді Ли Чжэ Мён.