Қазақстан колледжтерінің 100 үздік студенті – кәсіби жаңа буын

Жарбол Кентұлы 30 сәу. 2025 18:47 503

2025 жылғы 30 сәуірде Астанада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Қазақстан Республикасы колледждерінің 100 үздік студенті» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған ауқымды шараға еліміздің барлық өңірлерінен 100-ден астам дарынды және болашағы зор студент қатысты. Жобаны жүзеге асырушы – «Talap» КеАҚ.

 

Тағдырды өзгертетін конкурс

Конкурстың мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дарынды студенттерді анықтау және қолдау, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау және Қазақстан экономикасы үшін кадрлық резерв қалыптастыру.

Жобаның ерекшелігі – жүйелі тәсілінде. Бұл жай ғана жарыс емес, студенттерді, бизнесті және мемлекетті біріктіретін, сұранысқа ие жаңа буын мамандарын қолдауға арналған тұғырнама.

Бірінші іріктеу кезеңіне еліміздің 512 колледжінен шамамен 2600 студент қатысты. Аймақтық кезеңнің қорытындысы бойынша 809 студент келесі кезеңге өтті, ал 100 үздік республикалық деңгейде жеңімпаз деп танылды. Қатысушылар кадрлар даярлаудың негізгі бағыттары бойынша бақ сынады: сервис, ақпараттық технологиялар және агроөнеркәсіп. Бұл конкурс білім мен дағдыны бағалау ғана емес, сонымен қатар жас маманның табысты мансабына бастар жол болды.

 

Болашаққа бастар көпір

Жеңімпаздар бірқатар бірегей мүмкіндіктерге ие болды: ірі өңірлік компаниялар мен шағын және орта бизнес тарапынан жұмысқа орналасу ұсыныстары; стартаптарды дамыту және тұлғалық өсу бойынша тренингтерге қатысу; өңір әкімдіктері гранты есебінен ЖОО-да оқуын жалғастыру мүмкіндігі (қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде); үздік студенттер жайлы имидждік электронды журналда жариялану.

Бизнес - кәсіптік білімнің басты серіктесі

«Talap» КеАҚ басшысы Санжар Татибековтың айтуынша:

«Бүгінде бизнес өндірістік процеске бірден кірісуге дайын құзыретті мамандарға мұқтаж. “ТОП-100 студент” конкурсы колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді әріптестіктің жарқын мысалына айналды».

Конкурс қазақстандық колледждердің жоғары деңгейде маман дайындай алатынын көрсетті. Жеңімпаздар қазірдің өзінде «Allur» («СарыарқаАвтоПром»), «Qarmet» , Rixos және Wyndham Garden Astana қонақүйлері, «Казцинк» және басқа да компаниялардан нақты жұмыс ұсыныстарын алды.

 

«Жұмысшы мамандықтар - жасыл болашақ үшін!»

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қолдау көрсетті. Бүгін «ТОП-100 студент» қатысушылары азаматтық жауапкершіліктің белгісі ретінде «Бірлік және келісім» саябағында ағаш отырғызды.

 

ТОП-100 - бұл жай ғана сайыс емес

Бұл – кәсіби білім берудің маңыздылығын мойындау, еңбек пен білімге негізделген талант тек студенттің ғана емес, тұтас елдің болашағын өзгертуге қауқарлы екенін дәлелдеу.

Жеңімпаздардың толық тізімі ұйымдастырушылардың ресми ресурстарында жарияланған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар