ТМД елдерінде мектептегі үй тапсырмасы жүйесін қайта қарауды талап еткен петиция пайда болды. Құжат авторлары жасанды интеллект дәуірінде дәстүрлі үй жұмыстары өзінің тиімділігін жоғалтқанын айтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Петиция авторларының пікірінше, қазіргі таңда оқушылар ChatGPT, DeepSeek, YandexGPT секілді нейрожелілер мен дайын жауаптар сайттарын жаппай қолданады. Соның салдарынан үй тапсырмасының басым бөлігі формалды түрде орындалып, балалар материалды терең меңгермей отыр.
Құжатта ТМД елдеріндегі оқушылардың күніне 2-4 сағатын үй тапсырмасына жұмсайтыны, бұл балалардың ұйқысына, денсаулығына және демалысына кері әсер ететіні айтылған. Сонымен қатар авторлар мұндай жүйе мұғалім еңбегін де құнсыздандырып жатқанын атап өтеді. Себебі педагогтар көбіне жасанды интеллект орындаған жұмыстарды тексеруге мәжбүр.
Петицияда білім беру саласындағы теңсіздік мәселесі де көтерілген. Авторлардың сөзінше, ауқатты отбасылар репетитор жалдай алады, ал көпшілік оқушылар интернеттен көшіріп жазумен шектеледі. Бұл балалар арасында адал емес тәсілдердің қалыптасуына әкеліп жатыр.
Құжатта Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония және АҚШ-тың кейбір штаттарында үй тапсырмасын азайту тәжірибесі мысал ретінде келтірілген. Авторлар бастауыш сыныптарда үй тапсырмасын толық алып тастауды ұсынады.
Сондай-ақ петицияда:
— негізгі материалды мектепте толық меңгерту;
— нейрожелі арқылы оңай орындалатын шаблон тапсырмаларды қысқарту;
— үй тапсырмасының орнына шығармашылық, зерттеу және практикалық жұмыстарды көбейту;
— мұғалімдерді жаңа жүйеге бейімдеу;
— санитарлық талаптардың сақталуын бақылауды күшейту ұсынылған.
Петиция авторлары ТМД елдерінің білім жүйесі ортақ тарихи негізге сүйенетінін айтып, жасанды интеллект дәуірінде мектеп бағдарламасын бірге жаңарту қажет деп санайды.