Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектептерде мұғалімдерге сыйлық беру мәселесіне қатысты пікір айтты. Оның сөзінше, бұл тақырыпты заң тұрғысынан да, адами қарым-қатынас тұрғысынан да бөлек қарастырған жөн, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, егер мектепте мұғалімге сыйлық алу үшін ата-аналардан немесе оқушылардан мәжбүрлі түрде ақша жиналса, бұл заңға қайшы әрекет болып саналады.
"Егер бір мұғалімге сыйлықты міндетті түрде берейік, ақша жинайық деп мәжбүрлейтін болса, бұл – заң бұзушылық. Бұл мәселеге қатысты министрліктің арнайы бұйрығы бар. Кезінде оған мен де қол қойғанмын. Мұғалімдерге балаларды немесе ата-аналарды міндеттеп сыйлық жинатуға болмайды", – деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, мұндай бастамалар көп жағдайда мұғалімдерден емес, ата-аналар чатындағы белсенді адамдардан шығады. Ал бұл кейбір ата-аналарға қысым болып сезілуі мүмкін. Олар "сыйлыққа ақша қоспасам, балама көзқарас өзгеріп кете ме?" деп алаңдайды.
Сонымен бірге депутат бұл мәселені тым ушықтырып жіберудің де қажеті жоқ екенін айтты. Оның пікірінше, ата-аналар мен оқушылар мұғалімге өз еркімен, шын көңілден алғыс білдіргісі келсе, оған тыйым салуға болмайды.
"Мұғалімдерге пәтер немесе үлкен көлік сыйлап жатқан ешкімді көріп отырған жоқпын. Сондықтан шын ниетпен берілген қарапайым сыйлықта тұрған ештеңе жоқ", – деді ол.
Аймағамбетов мемлекеттің адамдар арасындағы қарапайым сыйластық пен алғыс білдіру мәдениетіне шамадан тыс араласа бермеуі керек деп есептейді.
Депутаттың сөзінше, 1 қыркүйек, соңғы қоңырау немесе түлектер кеші сияқты мерекелерде оқушылар мен ата-аналардың мұғалімге гүл сыйлап, шағын символикалық сыйлық беруі заң бұзушылыққа жатпайды.
"Мұғалімдерді құрметтеу, олардың еңбегін бағалау, жай ғана күлімдеп рахмет айту немесе гүл беру – мұның ешқайсысынан заң бұзушылық көріп тұрған жоқпын", – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.