Қазақстан канадалық уран компаниясымен арадағы дау-дамайға қатысты сотта жеңіске жетті

Кәмшат Тілеухан 11 нау. 2025 17:02 482

Қазақстан канадалық World Wide Minerals уран компаниясымен болған арадағы дау-дамайға қатысты сотта жеңіске жетті. Соттың жаңа шешіміне сәйкес, Қазақстанның аталған компания алдында енді ешқандай міндеттемесі жоқ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі хабарлады.

Лондонның Жоғарғы сотында өткен сот процесінде 2024 жылғы шешімнің күші жойылды. Ал ол кезде "Қазақстан канадалық компанияға 65 миллион доллар төлеуі керек" деген сот шешімі шығарылған-тұғын.

"Осы негіздегі даулардың 2%-дан азы сәтті аяқталады. Елеулі бюджет қаражатын үнемдеуге, сондай-ақ елдегі инвестициялық ахуалдың тартымдылығын және Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджін сақтауға қол жеткізілді", делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетсек, бұл дау-дамай 2013 жылдан бері жалғасып келеді. Қазақстан Үкіметі  аталған компаниямен арадағы Степногорск тау-кен-химия комбинатын сенімгерлік басқаруға беру туралы келісімшартты бұзды (ол кезде Целинный деп аталды). Келісімшартты бұзуға байланысты талап етілген бастапқы сома 1,9 миллиард долларды құрады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар