Қазақстан жүк вагондары өндірісі көлемін төрт есеге ұлғайтпақ

Кәмшат Тілеухан 29 қаз. 2024 11:04 1792

Қазақстанда жыл қорытындысы бойынша жүк вагондары өндірісін төрт есеге – 2 мың бірлікке дейін, жолаушылар вагондарын 122 бірлікке дейін, локомотивтерді 130 бірлікке дейін арттыруды қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, теміржол машиналарын жасау дамудың үлкен әлеуетін білдіреді. Қазіргі уақытта жылжымалы құрамның жалпы паркі шамамен 139 мың бірлікке жетеді. Орташа тозу деңгейі 55% құрайды. Осыған байланысты жаңа жобаларды іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

"Мәселен, биыл "ТексолТранс" компаниясы қуаты жылына 6 мың бірлік жүк вагондары мен цистерналар өндіру бойынша жобаны іске асыруды бастады. 2025 жылы қуаты жылына 100 бірлік болатын "Штадлер Қазақстан" зауытында жолаушылар вагондарының өндірісі іске қосылады", - дейді Қанат Шарлапаев.

Сондай-ақ "Семей машина жасау зауыты" жылына 600 бірлік жартылай вагон өндірісін ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізуде. "Railcast Systems" бандаж кешенін құру бойынша жоба іске асырылуда, іске қосу мерзімі - 2025-2026 жылдар.

"2024 жылдың соңында Қостанай облысында серіппелер шығаратын зауыт іске қосылады деп жоспарлануда. 2025 жылы "Шығысмашзауыт" цехты жаңғыртуды аяқтауды жоспарлап отыр, бұл орта және ірі вагон құюды импортты алмастыруды қамтамасыз етеді", - дейді министр.

Wabtec және Alstom компанияларының технологиялары бойынша локомотивтер, сондай-ақ жүк және жолаушылар вагондарының өндірісі жолға қойылған.

Бұған дейін министр биыл Қазақстанда 82 мыңнан аса жеңіл көлік құрастырылып шығарылғанын айтқан еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар