Microsoft әлемде жасанды интеллектінің (ЖИ) таралуына арналған AI Diffusion Report атты жаһандық баяндамасын жариялады. Бұл есепте алғаш рет әр елде халықтың жасанды интеллект құралдарын нақты пайдалану деңгейі бірыңғай әдістеме арқылы өлшенген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталған көрсеткіш бойынша Қазақстан 147 елдің ішінде 71-орынға жайғасты. Елдегі AI User Share деңгейі 12,7% болды. Посткеңестік елдер арасында Қазақстаннан жоғары нәтиже көрсеткен мемлекеттер қатарында Литва (41-орын, 21%), Грузия (53-орын, 17,3%), Молдова (58-орын, 16,6%) және Әзірбайжан (64-орын, 14,2%) бар.
Ал рейтингте Қазақстаннан төмен тұрған елдерге Украина (93-орын, 9,1%), Ресей (117-орын, 7,6%), Беларусь (118-орын, 7,6%), Қырғызстан (119-орын, 7,6%), Армения (138-орын, 7,6%), Өзбекстан (143-орын, 5,7%), Тәжікстан (145-орын, 5,1%) және Түрікменстан (146-орын, 5,1%) енген.
Осылайша, Қазақстан жасанды интеллектіні қолдану деңгейі бойынша Орталық Азия елдерінің басым бөлігінен және ТМД мемлекеттерінің көпшілігінен алда келеді.
Баяндама авторларының мәліметінше, жасанды интеллект адамзат тарихындағы ең жылдам таралған технология. Үш жылға жетпейтін уақыт ішінде әлем бойынша ЖИ пайдаланушылар саны 1 миллиард адамнан асқан. Ал интернет пен смартфондардың мұндай ауқымға жетуіне ондаған жыл қажет болған.
Дегенмен бұл өсім біркелкі емес. Жасанды интеллектінің кең таралуы электр қуатының тұрақтылығы, кеңжолақты интернет, қолжетімді цифрлық құрылғылар және халықтың цифрлық дағдылары сияқты базалық инфрақұрылымға тікелей байланысты.
Рейтинг көшбасында Біріккен Араб Әмірліктері (59,4%), Сингапур (58,6%) және Норвегия (шамамен 45,3%) тұр. Сондай-ақ слғашқы ондыққа Ирландия, Франция, Испания, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Нидерланд және Катар енген.
Сонымен қатар Африка, Оңтүстік Азия және бірқатар посткеңестік елдердің көпшілігі 10 пайыздан төмен көрсеткішпен рейтингтің төменгі бөлігінде қалып отыр. Microsoft бағалауынша, Жер шары халқының шамамен жартысы жасанды интеллектіні пайдалану үшін қажетті инфрақұрылымға әлі де толық қол жеткізе алмай отыр.
Құжатта ЖИ-дің таралуы халық табысының деңгейімен ғана емес, мемлекеттік цифрландыру бағдарламаларына, білімге салынған инвестицияға, стартап-экожүйелердің дамуына және деректерді реттеу саясатына да тікелей байланысты екені аталған. Бұл факторлар жүйелі түрде дамыған елдерде жасанды интеллект экономика, білім беру, медицина және мемлекеттік басқару салаларында жаппай қолданылатын құралға айналып келеді.
