Қазақстанның Иранға гуманитарлық көмек көрсетпеуі қоғамда түрлі пікірталас туғызды. Ресми деректерге сүйенсек, наурыз айынан бастап Тегеранға астық тасымалы тоқтап, екі ел арасындағы ірі жобалар уақытша кідірген. Бұл шешімнің астарында не жатыр? Көпвекторлы саясаттың кезекті көрінісі ме, әлде мәжбүрлі қадам ба? Белгілі саясаттанушы Асылбек Ізбайыров мәселенің саяси қырын түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының сөзінше, Қазақстан Иранға гуманитарлық көмек көрсетуден ресми түрде бас тартпаған.
“Керісінше, Сыртқы істер министрлігі қажет болған жағдайда немесе тиісті сұраныс түссе, көмек көрсетілетінін мәлімдеді”, – дейді саясаттанушы.
Сонымен қатар, ол Қазақстанның аталған мәселеде неге асықпай отырғанын жеткізді. Ізбайыровтың пікірінше, мұнда ел қауіпсіздігі мен ірі державалар арасындағы тепе-теңдікті сақтау басты рөл атқарады.
“Қытай, Ресей және АҚШ секілді үш ірі ойыншы арасындағы мүдделер балансын сақтау – біздің қауіпсіздігіміз үшін маңызды фактор. Қазіргі кезде көпжақты дипломатия мен халықаралық қауіпсіздік жүйелері бұрынғыдай тиімді жұмыс істемей тұр. Сондықтан сыртқы геосаяси байланыстардағы тепе-теңдік біз үшін аса маңызды”, - дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан АҚШ-пен байланысты нығайтуға мүдделі және бұл бағытта нақты қадамдар байқалады.
“Тіпті, АҚШ президенті отбасының жеке қызығушылығы да бар. Мәселен, оның ұлдары жуырда Қазақстандағы вольфрам өндіру жобасының ірі акционерлерінің қатарына енді. Осы тұста Израильмен қарым-қатынасты нығайту да бар, бұл да АҚШ-тың сыртқы саясатының бір бөлігі. Осындай жағдайда Қазақстанның Иранға гуманитарлық көмек көрсетуге асықпауы түсінікті. Дегенмен біз Иранмен дипломатиялық қатынасты үзген жоқпыз, яғни байланыс үзілген жоқ”, - деп нақтылады ол.
Сауда неге тоқтады?
Саясаттанушы Қазақстан мен Иран арасындағы жобалар мен азық-түлік саудасының уақытша тоқтауын да қауіпсіздік тәуекелімен байланыстырады. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда кез келген сауда жүгі әскери мақсаттағы жүк ретінде қабылданып, шабуылға ұшырауы мүмкін.
“Мұнда түсініктеме өте қарапайым деп ойлаймын. АҚШ пен Израиль әскери күштері тарапынан соққыға ұшырау қаупі жоғары.
Сондықтан шығынға ұшырамау үшін сауданы уақытша тоқтата тұру тиімді. Бұл жағдайдың қанша уақытқа созылатыны Парсы шығанағындағы және Иран мен АҚШ арасындағы дағдарыстың ұзақтығына байланысты. Қазір, тіпті, америкалықтардың өзі нақты мерзімге қатысты шектеу қоймай отыр”, – дейді сарапшы.
Қазақстан мен Израиль арасындағы байланыс
Ізбайыровтың айтуынша, Израиль Қазақстан үшін жеке серіктес ретінде ғана емес, АҚШ-қа ықпал ете алатын маңызды саяси ойыншы ретінде де қызық.
“Бұл тұрғыдан біз кей жағдайда, мысалы, Анкараның ұстанымына қарама-қайшы бағытта келе жатқандай көрінуіміз мүмкін. Алайда мұндай байланыстардың болашақта пайдасы тиюі ықтимал”, - дейді ол.
Сарапшының айтуынша, қажет болған жағдайда дәл осы қарым-қатынастар Израиль мен мұсылман елдері арасындағы диалогқа жол ашуы мүмкін.
Сондай-ақ, ол араб мемлекеттерінің өзі Тель-Авивпен әлдеқайда тығыз байланыс орнатқанын еске салды. Сондықтан Қазақстанның да бұл бағытта ашық әрекет етуіне негіз бар.
“Қазақстан халықаралық қақтығыстарда делдал болуға ұмтылады. Ал мұндай рөлді атқару үшін қарсы тараптардың барлығымен байланыс болуы қажет”, – дейді Ізбайыров.
Бұл көпвекторлы саясатқа қайшы ма?
Сарапшы Қазақстанның қазіргі ұстанымы көпвекторлы саясат қағидаттарына толық сәйкес келетінін жеткізді.
Оның айтуынша, Қазақстан көпвекторлы саясат арқылы ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сауда-экономикалық мүдделерін қорғауға және технологиялық дамуға жол ашуға тырысып отыр.
“БҰҰ және қақтығыстардың алдын алу жүйесі әлсіреген қазіргі жағдайда, көпвекторлы саясаттың маңызы арта түсті”, – дейді Ізбайыров.
Қазақстан мен Иран қатынасы қалай өрбиді?
Саясаттанушы Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынасты тым драматизациялаудың қажеті жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, екі елді байланыстыратын фактор көп.
“Меніңше, біз бір-бірімізден алшақтай алмаймыз. Біз Каспий арқылы көрші елміз, әрі бір-біріміз үшін маңызды сауда серіктесіміз. Иранда қазақ диаспорасы бар. Осыны ескерсек, екі ел арасында күрделі мәселелер туындайды деп ойламаймын. Соғыс аяқталған соң сауда қайта жанданып, гуманитарлық, мәдени және ғылыми байланыстар да қалпына келеді”, - деп қосты ол.
Сондықтан ол бұл жағдайды тым ушықтырудың қажеті жоқ екенін атап өтті.
“Қазіргі “күш құқығы” үстемдік етіп тұрған кезеңде әр мемлекет өз қауіпсіздігі мен мүддесін қорғауға тырысады. Бұл – барлығына түсінікті жағдай”, - деп түйіндеді ол.