Атырауда браконьерлерден 3,7 тоннадан астам балық тәркіленді

Атырауда браконьерлерден 3,7 тоннадан астам балық тәркіленді
Фото: Атырау облысының Полиция департаменті

Атырау облысында заңсыз балық аулауға қарсы жүргізілген рейдтер барысында браконьерлерден 3 тоннадан астам балық тәркіленді, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Мой город" басылымының мәліметінше, "Бекіре-2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы бері өңірде балықтың заңсыз айналымына қатысты 152 адам ұсталған. Оның ішінде жеті дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тағы 19 адамнан ау құралдары мен жүзу құралдары тәркіленген.

Жалпы тәркіленген балық көлемі 3 тонна 771 килограмды құрады. Оның ішінде 148 килограмы бекіре тұқымдас балық болса, 1 килограмм бекіре уылдырығы анықталған.

Айта кетейік, Атырау - Ақтөбе - Астрахань тасжолында жүргізілген тексеру кезінде полицейлер "ГАЗель" автокөлігін тоқтатқан. Көліктің жүк бөлігінен қаптарға салынған 3 тонна 278 килограмм көксерке табылып, бұл дерек бойынша іс тергеуге жолданған.

Құзырлы органдардың хабарлауынша, рейдтік шаралар мамыр айының соңына дейін жалғасады.