Қазақстан-Франция: ғылым мен білімнің жаңа көкжиегі

Dalanews 06 қар. 2024 20:23 2078

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары аяқталды. Париж сапары аясында мемлекет басшылары  стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған Бірлескен декларация қабылдап, бірнеше маңызды құжатқа қол қойды.

Бұл құжаттар білім беру, археология, мәдениет, энергетика, көлік, логистика және экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастықты қамтиды. Бұдан өзге екі ел делегациясының мүшелері 36 келісім жасасты. Оның ішінде жалпы сомасы 2,2 миллиард долларды құрайтын 1 үкіметаралық, 21 ведомствоаралық және 14 коммерциялық құжат бар. Екіжақсы келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Президент, ең алдымен, Эмманюэль Макронға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылығын білдіріп, ерекше қонақжайлық көрсетіп жатқан француз халқына алғысын айтты.

– Біз үшін осы сапардың маңызы зор. Франция – Қазақстанның Еуропа Одағындағы жақын әрі сенімді серіктесі. Қарым-қатынасымыз 34 жылдың ішінде стратегиялық сипатқа ие болды. Астана мен Париж барлық деңгейде өзара түсіністікке негізделген саяси диалог орнатты. Сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыс нығая түсті. Нақты шарттық-құқықтық база қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық кеңейді.  Мызғымас достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін, –деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту қажеттілігін атап, жетекші ЖОО арасында ғылым және технология бағыты бойынша байланысты дамыту мәселесіне тоқталды

– Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан Лотарингия университетінің филиалы ашылады. Қазіргі таңда екі тарап «Люмьер» қазақ-француз университет орталығын құру мәселесін қарастырып жатыр. Бұдан бөлек, Астана және Алматы қалаларында қазақ-француз мектептері салынады. Бүгін тиісті құжаттарға қол қойылды. Бұл мектептер жастардың ең жоғары стандартқа сай білім алуына мүмкіндік беретін орталыққа айналары сөзсіз. Қазақстан Францияның жоғары оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен қарым-қатынасты нығайта түсуге дайын, – деді Президент.

 

Айта кетерлік, биыл Абай атындағы ҚазҰПУ базасында Лотарингия университетінің (Франция) филиалы ашылды. Бұл білім беру сапасын арттыруға, академиялық ұтқырлық және халықаралық ынтымақтастықты жақсартуға бағытталған ұзақмерзімді ынтымақтастықтың нәтижесі. Осы ретте Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институтының директоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтайдың және Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Сәбитова Айнұр Әлімханқызымен сұхбаттасқан едік.

– Айнұр Әлімханқызы, Лотарингия университеті филиалының ашылуы жоғары оқу орнының білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобалары үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашады?

– Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Лотарингия университеті филиалының ашылуы құқық, педагогика және мемлекеттік басқару саласындағы студенттер мен оқытушылар үшін бірегей мүмкіндіктер береді. Біздің университеттер арасындағы көпжылдық ынтымақтастық нәтижесінде қос дипломдық бағдарламаларды іске асыру мүмкіндігі пайда болды, бұл студенттерге Қазақстан мен Францияда танылатын біліктіліктерді алуға септігін тигізеді. Филиалда халықаралық құқық бойынша қос дипломды бағдарлама қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, болашақта барлық бағдарламалар қос дипломды оқыту форматында болуы жоспарлануда. Бұл студенттерге халықаралық деңгейде бірегей академиялық және кәсіби перспективалар ұсынады.

– Франциямен серіктестік аясында студенттермен алмасу бағдарламалары бойынша қандай жоспарларыңыз бар? Студенттер осы бағдарламалар арқылы қандай дағдыларды дамыта алады?

– Лотарингия университетімен және басқа француз университеттерімен серіктестік алмасу бағдарламалары үшін кең мүмкіндіктер ашады. Студенттер тілдік дағдыларын жетілдіріп, Францияның мәдениетімен танысып қана қоймай, халықаралық құқық пен шетелдік юрисдикцияларда басқару тәжірибесі сияқты маңызды кәсіби құзыреттерді де игере алады. Бұл сондай-ақ студенттердің жаһандық ортада жұмыс істеу үшін қажетті мәдениетаралық коммуникация дағдыларын дамытуға ықпал етеді.

Абай атындағы ҚазҰПУ француз университеті ИНАЛКО-мен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Осы жылдар ішінде бізге көптеген көрнекті француз зерттеушілері мен ғалымдары келіп, өз тәжірибелерімен, білімдерімен және ғылыми жетістіктерімен бөлісті. Олар тек дәрістер оқып, шеберлік сабақтарын өткізіп қана қоймай, біздің студенттер мен магистранттардың ғылыми жетекшісі де болды, олардың зерттеуші және маман ретінде дамуына көмектесті.

Біз бұл табысты тәжірибені Лотарингия университеті профессорларымен, сондай-ақ басқа француз серіктес университеттерімен жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Беделді француз ғалымдарымен одан әрі өзара әрекеттесу Абай атындағы ҚазҰПУ-дың білім беру және ғылыми үдерістерін байытып, біздің студенттердің дайындығының деңгейін арттыруға және Қазақстан мен Францияның ғылыми және білім беру қауымдастықтары арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді деп сенеміз.

– Ғылым мен технология саласындағы бірлескен зерттеулерді дамыту үшін француз зерттеу орталықтарымен қандай жобалар қарастырылады?

– Француз университеттерімен, соның ішінде Лотарингия университетімен ынтымақтастық, сондай-ақ құқық, басқару және педагогика салаларындағы бірлескен зерттеулерді дамытуды көздейді. Біз тәжірибе мен зерттеулермен алмасуға ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен халықаралық деңгейдегі білім беру және басқару міндеттерін шешу үшін озық ғылыми әзірлемелерді бейімдеуге мүмкіндік беретін жобаларды қарастырамыз.

Абай атындағы ҚазҰПУ Франция университеттерімен, атап айтқанда, Сорбонна-Қазақстан институты аясында он жылдық ынтымақтастық нәтижесінде бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруда айтарлықтай тәжірибе жинақтады.

Франция Елшілігінің және біздің бұрыннан келе жатқан серіктесіміз Пуатье университетінің қолдауымен 2024 жылы Орталық Азияның әртүрлі аймақтарынан келген мамандарды біріктіріп, тереңдетілген оқыту және кәсіби алмасу мүмкіндігін ұсынған француз тілі оқытушыларына арналған жазғы мектеп табысты өтті. Қазіргі уақытта біз Абай атындағы ҚазҰПУ профессорлық-оқытушылық құрамы үшін жазғы мектеп өткізу бойынша Францияның белгілі ғылыми орталықтарымен және француз серіктес университеттерімен келіссөздер жүргізіп, жоспарлар құрып жатырмыз. Бұл жоба біздің оқытушыларымыздың кәсіби құзыреттерін тереңдетуге және түрлі ғылыми салалардағы озық әдістемелермен танысуға бағытталған.

Біз студенттерімізге белсенді қолдау көрсеткені үшін француз тарапына шын жүректен алғыс айтамыз. Тек 2020 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институтының 50-ден астам үздік студенттері Францияда, соның ішінде Лотарингия университеті және басқа да беделді француз университеттерінде оқуға гранттар алды. Онда біздің студенттер беделді бағдарламалар бойынша оқып, академиялық көкжиектерін кеңейту мүмкіндігіне ие болды.

– «Қазақстан мен Франция арасындағы жаңа серіктестіктер оқытушылар мен ғылыми қызметкерлерге қандай мүмкіндіктер ұсынады?

– Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері академиялық алмасуларға, бірлескен ғылыми жобаларға және кәсіби тағылымдамаларға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Лотарингия университеті және француз серіктес университеттерімен серіктестік біздің мамандарымызға білім беру және ғылым саласындағы озық тәжірибелерді меңгеруге, өз құзыреттерін жетілдіруге және халықаралық академиялық қауымдастықтарға белсенді қатысуға мүмкіндік береді.

Лотарингия университеті – бұл Францияның стратегиялық аймағында орналасқан ірі мемлекеттік университет, онда 60 мыңнан астам студент білім алады, және оның өкілдігі бірнеше қалаларда орналасқан. Лотарингия университетінің ғылыми-зерттеу жұмыстары саласында үлкен тәжірибесі бар.

2023 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында рейтингтік 23 шетелдік университеттің филиалын Қазақстанда ашу туралы мәлімдеді. Бұл университеттер қатарында Францияның өкілі Лотарингия университеті бар, оның филиалы Қазақстанның ең көне жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ашылды. Мұндай ынтымақтастық білім беру сапасын арттыру үшін білім мен тәжірибемен алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

– Қазақстанда Лотарингия университетінің филиалы мен қазақ-француз мектептерінің ашылуы елдің білім беру жүйесіне халықаралық өзгерістер әкелуі мүмкін бе?

– Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Лотарингия университеті филиалының ашылуы Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін халықаралық білім беру қауымдастығына интеграциялау жолындағы маңызды қадам болып табылады. Бұл білім беру сапасын арттыруға, озық халықаралық стандарттарды енгізуге және мәдени алмасуды кеңейтуге ықпал етеді. Біздің студенттер мен оқытушылар бірегей тәжірибе мен білімге қол жеткізіп, бұл ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғыртуға және Қазақстан мен Франция арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізеді.

–Француз серіктестерімен ынтымақтастық аясында университетте француз тілін оқыту бағдарламаларын дамыту жоспарда бар ма?

–Иә, біздің университетте француз тілін оқыту бағдарламаларын, әсіресе халықаралық құқық, халықаралық қатынастар және шет тілінің мұғалімдерін даярлау сияқты мамандықтар бойынша дамыту және қолдау жоспарда бар. Біз сондай-ақ тілдік бағдарламаларды және мәдени интеграцияны күшейту үшін Франциядан оқытушыларды тартуды жоспарлап отырмыз, бұл француз тілін сапалы оқытуға және ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етеді.

– Сұқбатыңызға рақмет!

 

Қосымша дерек: Лотарингия университеті – Еуропаның жетекші жоғары оқу орындарының бірі және Францияның үздік 10 университінің қатарына кіретін ірі мемлекеттік жоғары оқу орны. 2012 жылы Лотарингия аймағындағы бірнеше ЖОО–ның бірігуі нәтижесінде құрылған университет кампустары бірнеше қалада орналасқан. Лотарингия университеті 9 зерттеу бағыты бойынша ұйымдастырылған 101 аккредиттелген зерттеу орталығын және 8 докторлық колледжді, инженерия, жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, экономика, өнер және медицина сияқты түрлі салалар бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын ұсынады.  Әсіресе материалтану, химия, энергетика, сондай-ақ медициналық және биомедициналық зерттеулер саласында озық оқу орны саналады.

Мұнда ғылым мен технология саласындағы зерттеулерге ерекше назар аударады. Университеттің бірнеше зерттеу институттары Францияның ұлттық зерттеу орталықтарымен (CNRS, INSERM) тығыз байланыста жұмыс істейді және еуропалық зерттеу жобаларына қатысады. Лотарингия университеті әлемнің 100-ден астам еліндегі жоғары оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен әріптестік орнатқан.

Қазақстанда Абай атындағы ҚазҰПУ-да өзінің филиалын ашу – халықаралық ынтымақтастық аясындағы маңызды қадамдардың бірі. Еске салсақ, биыл ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Лотарингия университеті (Université de Lorraine) филиалының білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру үшін Абай университетінің студенттеріне 95 грант бөлді. Ынтымақтастық аясында бөлінген білім гранттарына сәйкес, «B018(KZ-FR) - Шетел тілі мұғалімдерін даярлау», «B140(KZ-FR) - Халықаралық қатынастар және дипломатия», «B044(KZ-FR)-Менеджмент және басқару», «B046(KZ-FR)-Қаржы, экономика, банк және сақтандыру ісі», «B047(KZ-FR)-Маркетинг және жарнама», «B093(KZ-FR)-Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» мамандықтары бойынша бакалавр білім беру бағдарламаларына студенттер қабылданды.

 

Жанна ЖОМАРТ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар