Құрылтай депутаттығына үміткерлер тізіміне енбей қалған экс-депутат Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіде жазба жариялап, үш жылдық жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәжіліс мінберінде түрлі даулы тақырыпты көтерген ол өзі үшін жаңа кезең басталғанын мәлімдеді.
"Парламенттегі үш жарым жылдық қызметімде еліме және халқыма адал әрі принципшіл түрде қызмет етуге бар күш-жігерімді салдым. Бетке ұстар Парламент депутатына айналдым. Осы жолда халықтың сенімі мен құрметіне ие бола алсам, онда бұл - еңбегімнің зая кетпегені. Енді мен еркінмін және мен үшін жаңа кезең басталады. Бір есік жабылса, екіншісі ашылады. Өмірдегі әрбір кезең - жолдың соңы емес, жаңа белесі.
Маған сенім артқан, қолдау білдірген және әрдайым жанымнан табылған баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің қолдауларыңыз маған әрдайым күш-қуат берді. Рақмет!" - деп жазды Бақытжан Базарбек.
Еске салайық, бұған дейін экс-депутат бірнеше мәрте Алматы, Астана сияқты ірі қалалардағы заңсыз, бейберекет нысандарды, тау бөктеріндегі құрылысты әшкерелеп, мұндайға жол беруге болмайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, бай-бағландардың қолында заңсыз кеткен жайылымдық және ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару мәселесін көтерді.