Павлодар облысында пара алған полицей сотталды

Павлодар облысында пара алған полицей сотталды
gov.kz

Павлодар облысы Ақсу қаласының ауданаралық соты полиция бөлімінің қызметкеріне қатысты пара алу және әкімшілік іс бойынша дәлелдерді бұрмалау дерегі бойынша айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Көлік басқаруға құқығы жоқ әйел адам масаң күйде жол апатын жасаған. Әкімшілік істі қарау барысында сотқа оның жүкті екені туралы анықтама ұсынылып, соның негізінде әкімшілік қамақ жазасы айыппұлмен ауыстырылған.

Прокурорлар жүргізген тексеріс барысында медициналық құжат жалған екені анықталған. Прокурорлардың уақтылы әрі жедел жұмысының нәтижесінде сыбайлас жемқорлық қылмысы әшкереленіп, масаң күйде әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін заңда көзделген жауапкершіліктен жалтарған адам жалған құжат пайдаланғаны дәлелденген.

Сот полиция қызметкерін пара алғаны және әкімшілік іс бойынша дәлелді бұрмалағаны үшін кінәлі деп танып, оған 6,6 млн теңге мөлшерінде айыппұл салу, сондай-ақ, мемлекеттік қызметте және өзге де лауазымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі жаза тағайындады. Сотталған адам арнайы атағынан айырылды, ал пара ретінде алынған ақша мемлекет кірісіне тәркіленді.