Тоқаев Трампты Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды

Тоқаев Трампты Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды
akorda.kz. Суретте: Дональд Трамп пен Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әңгіме барысында Мемлекет басшысы америкалық әріптесін АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтап, осы кезеңде елдің әлемдегі жетекші державалардың біріне айналғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ әкімшілігінің ішкі саяси бағыты мен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан құру стратегиясы арасында үндестік бар екенін айтты. Сондай-ақ ол Дональд Трамп жүргізіп отырған саясатқа қолдау білдірді.

Тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын, сондай-ақ оны одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Президент өткен жылдың қараша айында Вашингтонға жасаған сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және байытылған уранды бақылау мәселелеріндегі ұстанымы өзгермейтінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы бұл бағытта Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен ынтымақтастықтың маңызды екенін айтты.

Телефон әңгімесінде Ақордада АҚШ сенаторы Стив Дейнс, Президенттің арнаулы өкілі Серджио Гор, Ақ үйдің басқа да жоғары лауазымды өкілдері және америкалық бизнес қауымдастық мүшелерімен өткен кездесулердің нәтижелері де оң бағаланды.

Әңгіме соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.