2025 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 143,9 млрд долларды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда номиналды түрде 1,3%-ға өсті. Оның ішінде экспорт көлемі 79 млрд доллар болып, 3,2%-ға төмендеді. Ал импорт 64,8 млрд долларға жетіп, 7,4%-ға артқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Экспортта бұрынғыдай мұнай мен шикізат негізгі табыс көзі болып отыр. Ел экспорттайтын өнімінің жартысынан көбі, яғни 50,5%-ы шикі мұнай мен мұнай өнімдері. Бұдан кейін радиоактивті химиялық элементтер мен изотоптар (5,3%), тазартылған мыс пен мыс қорытпалары (5,2%), мыс кендері мен концентраттары (3,6%) және ферроқорытпалар (2,6%) кіреді.
Қазақстан өнімдерін ең көп сатып алатын елдердің қатарында Италия (19,8%) көш бастап тұр. Одан кейін Қытай (19,2%), Ресей (10,3%), Нидерланды (7,6%), Түркия (4,9%) және Өзбекстан (4,5%).
Импортқа келсек, Қазақстан шетелден ең көп әкелетін тауар - жеңіл автокөліктер. Олар жалпы импорттың 4,4%-ын құрайды. Бұдан кейін дәрі-дәрмек (2,8%) және ұялы телефондар (2,4%) келеді. Сондай-ақ автокөлік кузовтары (2,3%) мен көлік бөлшектері (2,2%) де импортта маңызды орын алады.
Қазақстанға тауар жеткізетін негізгі елдер қатарында Ресей (29,7%) мен Қытай (29,2%) алда келеді. Сонымен бірге Германия (4,8%), Оңтүстік Корея (3,5%), АҚШ (3,3%) және Франция (2,4%) да маңызды серіктестер қатарында.
