"2025 жылдың басынан бастап "Банктер туралы" жаңа заңды әзірлеу бойынша ауқымды және жүйелі жұмыс жүргізілді. Бұл заң – соңғы онжылдықта қаржы секторында дайындалған барынша маңызды заңнамалық құжаттардың бірі". Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаевтың мақаласында айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұсынылған негізгі өзгерістерді тізбектей келе, ол корпоративтік басқару бойынша ұсыныстарға да кеңінен тоқталады. Жаңа заң акционерлерден бастап банк ішіндегі мамандандырылған қызметтерге дейінгі басқарудың барлық деңгейлері үшін нақты стандарттарды белгілейді.
"Тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және комплаенс бөлімшелерінің басшылары енді ресми түрде негізгі басшы қызметкерлер ретінде танылады. Бұл оларға басқарма мүшелеріне сияқты қатаң талаптар қойылатынын білдіреді: тәжірибенің, тиісті білімнің, іскерлік беделдің және кәсіби қызметтің ашық тарихының болуы. Олардың тәуелсіздігі мен өкілеттіктері заңнамалық деңгейде бекітіледі, бұл аталған қызметтерге шешім қабылдауға нақты әсер етуге және бұзушылықтарды ерте сатыда болдырмауға мүмкіндік береді", делінген мақалада.
Сондай-ақ директорлар кеңесінің құрамына қойылатын талаптар да арттырылды. Кеңес мүшелері, әсіресе тәуелсіз мүшелер, бірқатар өлшемшарттарға сәйкес келуі керек – банкпен үлестес болмауы, іскерлік бедел, біліктілік.
"Менеджментке шамадан тыс жақындауға жол бермеу және тәуелсіз көзқарасты сақтау үшін өкілеттік мерзіміне шектеулер енгізіледі. Тәуелсіздік өлшемшарттарына сәйкестікті жыл сайынғы тексеру банктің өзі тарапынан да, реттеуші тарапынан кейінгі бағалау мүмкіндігімен де міндетті рәсімге айналады. Бұл директорлар кеңесі шешімдерді формалды түрде мақұлдамай, шын мәнінде қадағалау функциясын орындауы үшін қажет", - дейді Сәлімбаев.
Бұған дейін "Ақ жол" партиясының депутаттары банктерді ел азаматтары мен бизнестің банктік шоттары, қалдық ақшалары мен олардың қозғалысы туралы деректерді салық органына беруді міндеттейтін ережені енгізуге қарсы шыққанын жазғанбыз. Олар бұл норма елдің Конституциясына қайшы келеді және азаматтардың деректерінің таралуына қауіп төндіреді деп санайды.