"Банк шоттары туралы ақпарат". Мәжілісте бір топ депутат жаңа бастамаға қарсы өре түрегелді

Кәмшат Тілеухан 01 қаз. 2025 15:44

"Ақ жол" партиясының депутаттары банктерді ел азаматтары мен бизнестің банктік шоттары, қалдық ақшалары мен олардың қозғалысы туралы деректерді салық органына беруді міндеттейтін ережені енгізуге қарсы шықты. Олар бұл норма елдің Конституциясына қайшы келеді және азаматтардың деректерінің таралуына қауіп төндіреді деп санайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат Серік Ерубаевтың премьер-министр Олжас Бектеновке банк құпияларын сақтау мәселесі бойынша жолдаған депутаттық сауалында 2025 жылдың 12 қыркүйек айында "Ашық" НҚА порталында банк шоттарының бар-жоғы, нөмірлері, осы шоттағы ақша қозғалысы мен қалдығы туралы мәліметтерді беру туралы Қаржы министрлігі бұйрығының жобасы орналастырылғанын, алайда ол арада құжаттардың толық мәтіні орналастырмағанына баса назар аударды.

Осыған байланысты Ақжол Демократиялық партиясына азаматтар мен кәсіпкерлерден мемлекеттік араласудың мұндай әрекетіне алаңдаушылық білдірген өтінештер келіп түсуде екен. Өйткені, депутаттың пікірінше,бұл бастама тек Конституция мен заңдарға қайшы келіп қана қоймай, сонымен қатар азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарына тікелей қолсұғушылық болып табылады. 

Ерубаевтың айтуынша, біріншіден, Қазақстан Республикасы Конституцияның 18-бабы әркімнің жеке өміріне қол сұқпауды және сан құпиясын қамтамасыз етеді.

"Бұл құқықтар тек заңмен және ерекше жағдайларда ғана шектелуі мүмкін. Жалпы қолжетімділікті заңмен төмен деңгейдегі актімен заңдастыру әрекеті - Конституцияны айқын бұзудың, құқықтық негилизмнің көрінісі. Екіншіден, "Банк қызметтері туралы" заңның 50-бабында банктердің банктік ақпаратты ашу жағдайлары қатаң регламенттелген, ал қаржы министрілігі заңға тәуелді актімен заңның өзін жоққа шығаруды ұсынып отыр.  Осылайша, қаржы министрілігінің бұл бастамасы заңмен бекітілген банк құпиясына қайшы келіп отыр", - дейді ол.

Оның айтуынша, мұндай әрекет келесідей кері салдарларға әкеліп соғуы мүмкін:

  • Бірінші, бұл - азаматтардың банк жүйесіне деген сенімінің әлсіреуі және бизнестің жаппай көлеңкеге кетуі.
  • Екінші, деректерді жымқыру фактілері бұрыннан барын ескерсек, жеке ақпараттың таралуы мен оның теріс мақсатқа пайдалану қаупі одан сайын арта түседі.
  • Үшінші, құқықтық мемлекет қағидаттарының бұзылуы және азаматтарды жаппай бақылауды қалыптастыру.
  • Төртіншіден, банктік және коммерциялық құпия қорғалмаған ел инвесторларды қызықтырмайды, ол инвесторлық климаттың нашалауына әкеледі.

Ерубаев жоғарыда баяндаларға сәйкес, келесі шаралар талап етілетінін айтады: 

  • Бірінші, азаматтар мен бизнес шоттарына қосалқы актілер арқылы мемлекеттік кірістер органдарының қолжетімділгіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі уақытта парламентте қаралып жатқан заң жобасы аясында талқылансын.
  • Екінші, банктік ақпаратта қолжетімдікті беру, ешқандай өзге жолмен емес, тек сот шешімдері немесе құзыретті органдардың дәлелді талаптары негізінде ғана қатаң түрде берілсін.

Бұған дейін Мәжілістің депутаттық әдеп жөніндегі кеңесі тәртіптік жазаға тартқан депутаттардың аты-жөнін жарияламай, үнсіз қалғанды жөн көргенін жазғанбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар