Қазақстан америкалық компаниядан 300 миллион долларға әуе көліктерін сатып алады

Қаракөз Амантай 07 қар. 2025 09:48

Қазақстан АҚШ-тың Joby Aero компаниясымен жалпы құны 300 миллион доллар болатын eVTOL электрлі әуе көліктерін сатып алу туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тік ұшып-қона алатын бұл ұшу аппараттары қалалық әуе мобильдігі жобасының бір бөлігіне айналмақ. Алматы мен Алатау қалаларының көлік жүйесіне аэротакси қызметін енгізу және сынақ алаңын құру жоспарланып отыр.

Министр Жаслан Мадиевтің айтуынша, бұл бастама “ақылды қалалар” тұжырымдамасын дамыту жолындағы маңызды қадам.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан басшысы Тоқаев АҚШ президенті Трамппен 17 миллиард долларға келіссөз жүргізгенін хабарлаған едік.

Ақ үйдегі кездесуде Мемлекет басшысы Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін АҚШ Президентіне ризашылық білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың президенттік лауазымының тарихи сипатына тоқталып, оның басшылығымен АҚШ әлемнің жетекші экономикалық, саяси және технологиялық державасы ретіндегі позициясын күшейтіп келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Америка көшбасшысы жер жүзінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Мемлекет басшысы Қазақстан АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді. Соның ішінде келешекте Орта дәлізді одан әрі дамытуға ықпал ететін «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолына» (TRIPP) ерекше назар аударды.

Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті екенін растады.

Сапар аясында Қазақстан мен Құрама Штаттары арасында жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар