Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Жомарт" кенішінде қаза болған кеншілердің жеке басына қатысты тың деректер белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұлысмедиа таратқан мәліметке сәйкес қайғылы оқиғада көз жұмған жеті жұмысшы әр өңірден келіп жұмыс істеп жүрген.Олардың бірі Түркістан облысынан, екіншісі Қарағандыдан келген. Қалғандары Ұлытау, Сәтбаев және Жезқазған өңірлерінің тумалары екені анықталды.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында шахта опырылып, жеті қызметкер қаза тапқанын хабарлаған едік.
Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Бүгін құтқарушылар жеті жұмысшының денесін тапты.
Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та үзілді. Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері және ТЖМ психологтары жұмылдырылды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
Бұл дерекке қатысты Полиция департаменті мәлімдеме жасады.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша іс қозғалды. Оқиға орнында Ұлытау облысының полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Жомарт" кеніші - Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.
Кейінірек "Қазақмыс" Ұлытау облысындағы апатты қаза тапқан кеншілердің тізімін жариялады.
Қаза болған кеншілердің тізімі:
- Ақшалов Қайрат Аманбекұлы, 1975 жылы туған, насос машинисі;
- Жакубаев Ардақ Боранбайұлы, 1998 жылы туған, жерасты тау-кен шебері;
- Жұмадұллаев Бақытбек Нышанұлы, 1975 жылы туған, жерасты кеншісі:
- Кенжебеков Орынбек Әмірханұлы, 1991 жылы туған, тиеу-жеткізу машинасының машинисі;
- Молдабеков Ғалымжан Есенбекұлы, 1978 жылы туған, бұрғылаушының көмекшісі,
- Нұрұлдаев Олжас Жағалбайұлы, 1979 жылы туған, жерасты учаскесінің энергетик,
- Рожков Константин Владимирович, 1992 жылы туған, жерасты тау-кен жабдықтарының электр слесарі.