Қазақ халқынан Кенесары ханның өлімі үшін кешірім сұраған қырғыз әншісі қамалды

Көркем Алдабергенова 10 ақп. 2025 10:52 2454

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті әнші Қайрат Примбердиевті қамауға алды. Ол бұған дейін Кенесары ханның өлімі үшін кешірім сұраған болатын, деп хабарлайды Dalanews.kz 24.kg сайтына сілтеме жасап. 

Басылым мәліметінше, ол ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған мәлімдеме жасағаны үшін қамауға алынған. Ведомство әншінің елден шығуына тыйым салды.

Қазіргі уақытта тиісті тергеу және процессуалдық шаралар жүріп жатыр. Қырғызстанда нәсілдік, ұлттық, ұлттық, діни немесе аймақаралық араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттер үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске салайық, бұған дейін қырғызстандық әнші Қайрат Примбердиев қазақ халқынан Кенесары ханның өлімі үшін кешірім сұрағаны үшін сынға ұшыраған болатын.

Қазақстандық БАҚ-тың бірі Қайрат Примбердиевтен сұхбат алған болатын. Әнші тарихи оқиғаларға қатысты пікір білдіріп, өткенге өкініш білдірген. Ол қырғыз ханы Ормон ханның Кенесары Қасымовтың басын алуға мәжбүр болғанын айтып, қазақ халқынан кешірім сұрады:

«Біздің Ормон хан Кенесары ханды өлтіруге мәжбүр болған. Мен бұл үшін қазақ халқынан кешірім сұрағым келеді. Бұл жағдай үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Қазір жылағым келіп тұр, расында. Біз Кенесары ханның басын қайтарып, Құран оқып, бұл өкпені лайықты түрде ұмытуымыз керек», — деді ол сұхбатында.

Алайда бұл сөздері үшін әнші сынның астында қалды, ол «Қазақстанның пропагандасына ерді» деп айыпталды. 24.kg басылымы Қырғызстанның Мәдениет вице-министрі Марат Тағаевтың пікірін жариялады. Ол Қайрат Примбердиев «Қазақстанның ықпалына түсіп қалғанын» айтты.

Шенеуніктің пікірінше, қырғыздар өз жерін қорғаған Ормон ханның әрекеті үшін кешірім сұрамауы керек. Жастар тарихын білуі үшін Қырғызстанда өздерінің тарихи фильмдерін түсіру қажет екенін атап өтті.

Қайрат Примбердиев бұл жағдайға қайтадан түсініктеме беріп, сөздерінің контекстен үзіп алынғанын айтты:

«Мен бұл сөздерді шын жүректен, достық ниетпен айттым. Бірақ кейбір сөздер контекстен үзіліп, бұрыс түсінік болған. Мен сұхбатымда Кенесары хан мен Ормон ханға қатысты тарихи оқиғаларды баяндадым. Бұл жерде мен халықтарымыздың татуласуы үшін кешірім сұрадым», — деді әнші.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар