"Қазақ тілі ойды "доступно" жеткізе алмай ма?". Сауытбек Әбдірахманов қазақ тілінің мүддесін қорғады

Dalanews 30 мам. 2017 13:07 833

Мәжілісте нотариат және адвокатура институттарын дамыту мәселесі талқыланған отырыста депутат Сауытбек Әбдірахманов республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Түгелден қазақ тілін кемсітпеуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Отырыс барысында республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Түгел депутаттардың қазақ тілінде қойған сұрақтарына орыс тілінде жауап беріп отырды.

Сұрақтар аяқталғаннан кейін депутат Сауытбек Әбдірахманов сөз алып, адвокаттан қазақ тілін кемсітпеуді сұрады.

− Депутаттың сұрағына жауап бере отырып, сіз "хочу ответить на русском языке, так будет доступнее" дегеніңізді қалай түсінуге болады? Депутат Магеррамовтың сұрағына жауап қайтарған кезде де сол логика бойынша сөйледіңіз. Сонда сіздің пікіріңізше, жауапты қазақ тілінде қайтарғанда ойды "доступно" жеткізудің мүмкіндігі жоқ па? Менің ойымша, сіздің жауаптарыңыздың тілі басқа үшін емес, сіз үшін түсінікті. Бұл басқа мәселе. Бірақ қазақ тілін кемсітіп сөйлемеуді сұраймыз, − деді халық қалаулысы.

Өз кезегінде отырысқа төрағалық етіп отырған Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко депутаттың ескертуіне қолдау білдірді.

− Бұл дұрыс деп ойлаймын. Қазақ тілін оқыңыздар. Қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді. Бәрімізге, оның ішінде маған да тілді жетілдіру керек, − деді ол.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар