Қазақ өмірге несие төлеу үшін келген жоқ - кәсіпкер Көңілбай Шүкенов

Dalanews 07 ақп. 2023 12:48 735

Белгілі кәсіпкер Көңілбай Шүкенов төмен пайызбен баспана беру үшін талап етіліп келген құжаттарды теріске шығарды. Оның сөзінше, үй алу үшін отбасылар ажырасуға мәжбүр болған. Төмен пайызбен, әрі жылдам пәтер алу үшін ерлі-зайыптылар ойға сыйымсыз құжаттарды жасатқан.

Ол бұндай бағдарламаны ойлап тапқан адамдарды «халық жауы» деп санау керек деді.

«Жалпы, мемлекеттік бағдарламалар халықты жарылқаса, әлдеқашан жарылқайтын уақыты болды ғой. Бізде отбасылық институттар ақсап жатыр. Адамдар материалдық тұрғыдан ажырасып кетуде. Сан түрлі мемлекеттік бағдарлама бар. Олардың біразының саясаты дұрыс емес.

«Бақытты отбасы» деген бағдарламаны алайық. 2 пайыздан басталатын несиемен үй береміз дейді. Бірақ банкке баруың, әкімдікке сандалып, кезекке тұру керек. Олар кезекке тұрып келеді, алғашқы жарнасын да төлеп келеді, тағыда толып жатқан құжаттарды өткізеді. Ең артынан, «біз жағдайы жоқ, толық емес отбысына береміз» дейді.

Содан адамдар амалсыз, «толық емес» деген мәртебені алу үшін құжат жүзінде ажырасады. Көпбалалы бола тұра, ажырасу керек. Сонда үйді он, он бес жылға несиеге алу үшін ажырасып кету керек. Не деген бағдаралма бұл?


Бұл бағдарламаны жасаған адамды халық жауы деп тануымыз керек. Өйткені, ол әрең күнін көріп жүрген азаматтардың, отбасылардың ажырасуына бірден-бір себепкер болып келді», -деді ол.

Оның сөзінше, көпбалалы деген қоғамда теріс ұғым қалыптастырған. Үй-күйсіз, бала-шағасын асырай алмай жүрген, кедей, білімсіз, мұқтажы деген ұғымдарды қоғамға қалыптастырды. Бұл дұрыс емес.

Керісінше, көп баласы бар жанұяларды дәріптеп, оны мәртебе ретінде көрсетіп қана қоймай, барынша жағдай жасау керек.

Ол өзінің ойын іске асыру үшін Ақмола облысының Аршалы ауданында арнайы жоба да бастаған.

«Бақытты отбасы» қалашығында қазір 5 отбасы тұрып жатыр. Ең азында 5 бала, ең көбінде 9 балалы жанұялар бар. Барлығы отызға жуық бала бар. Әрқайсысына 170 шаршы метрлік баспананы салып, тату-тәтті тұрып жатқан, балаларына жақсы тәрбие, білім берген отбасыларға тегін тарту еттік.

Ол біздің команданың қоғамға тигізіп жатқан шағын ғана көмегі. Халыққа арналған пайызсыз үй немесе пайызсыз көлік алу деген бірнеше жобаны шығардық. Бір адам үй, автокөлік алып жатса, мен өзім балаша қуанамын.

Өз жобамның авторы ретінде айтар болсам, қандай қиындық болса да ажыраспаған, махаббаттарына берік отбасыларға үй беру. Сөзбен айтып қана қоймай, орындадық, бердік. Осындай отбасылардың қазақ елінде бар екенін мақтанышпен насихаттап және оны үлгі етіп көрсету.

Бірақ жалақыңыз үй мен көлік алуға жетпейді. Неге? Өйткені сізге жетпейтіндей қылып есептеп қойған. Сіз несиеге кіруіңіз керек. Банкке барып несиемен үй алғаннан кейін, жасыңыз 25-те болса, төлеп біткен кезде 50 жасқа келесіз. Сонда үйді төлеп біткен кезде, жалындаған жастық шағыңыз өтіп кетеді. Одан кейін айнаға қарасаңыз сіз мүлде басқа адамды көресіз. Біз бұл дүниеге несие төлеуге келдік пе? Өмір сүруге келдік пе?. Қазақтар өмірге неисе төлеу үшін келген жоқ", - деп ашынды Шүкенов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар