«Seeds for the Future» бағдарламасына қатысушыларды марапаттау рәсімі Алматы қаласында өтті.
Бұл – жоба жас студенттердің АКТ мен жоғары технологиялар саласындағы дайындығын күшейтіп, білім көкжиегін кеңейтуге бағытталған.
Huawei компаниясы өзінің халықаралық бағдарламасы арқылы жас қазақстандық мамандардың жасанды интеллект, 4G және 5G технология, бұлтты есептеу, интернет саласы бойынша білімдерін кеңейтуге жол ашты.
Сонымен қатар, жобаға белсене қатысқан жастар арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтарды да табыс етті.
Huawei компаниясы «Seeds for the Future» бағдарламасын 2018 жылдан бері үзбей ұйымдастырып келеді. Бағдарлама Қазақстанның IT саласын қалыптастыруға барынша ықпал етіп отырған маңызды жоба.
Дәл қазір еліміздегі цифрландыру саласының өрісін кеңейту үшін IT саласы бойынша жоғары білікті мамандар дайындаудың маңызы зор. Сонымен қатар Қазақстанда АКТ саласында меңгерген жастардың шоғырын қалыптастыру ісі Huawei компаниясының бұл бағыттағы жұмыстарына стимул болғанын атап айтуымыз керек.
– Бүгінде IT-индустрия саласының маңызы артып келеді. Бұл – сала кез келген маманнан асқан біліктілікті талап етеді. Бүгінде еңбек нарығы да мамандардан өзін ұдайы дамытып, заман талабына сай болуды талап етуде. Сондықтан біздер күнделікті өмірде жоғары білікті мамандарды көптеп даярлауға күш салудамыз.
Осы ретте ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі атынан Huawei компаниясына «Seeds for the Future» бағдарламасын ұйымдастырғанына ризашылық білдіреміз. Бағдарламаға қатысушылардың маңызды идеялары алдағы уақытта еліміздің дамуына ықпал ететіне сенімдімін, – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық және ақпараттық-коммуникацияларды дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов.
Онлайн-оқу барысында әлемге танымал жетекші мамандар қазақ жастарымен өздерінің іс-тәжірибесін (5G, бұлтты технологиялар және жасанды интеллект т.б.) бөліскенін айта кетуіміз керек.
Huawei компаниясы мамандарды дайындау барысында олардың осыған дейін алған теориялық білімін ұштап қана қоймай, сонымен қатар АКТ саласына аса қажет іс-тәжірибелерді меңгеруіне мүмкіндік туғызды.
– Бүгінде Қазақстанның IT-саласы қарқынды дамып, әлемдік үрдістерге ілесуде. Осы ретте біздің жас студенттердің алдыңғы қатарлы технологияларды қолданып, олармен жұмыс маңызды.
IT-ге қызығатын қазақ жастары Huawei компаниясында іс-тәжірибеден өтіп, білімдерін шыңдауы үшін кез келген уақытта өтініш бере алады.
Біздің компанияның талантты жастар үшін әрқашан есігі ашық, әрі жастардың идеясына ұдайы қолдау көрсететін болады, – деді Huawei Technologies Kazakhstan Бас директоры аппаратының жетекшісі Фарида Төлеубаева.
«Seeds for the Future» бағдарламасының ішіндегі Tech4Good топтық байқау жобасына (технология халықтың қамы үшін, ред) қатысушылар елдегі әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқатып, оған қатысты техникалық мәселелерді шешуге күш салады.
Биыл байқауға қатысушылар экология мен қоршаған ортаға қатысты жобаларға басымдық беріп, ақылы түрде пластик бөтелкелерді қабылдайтын аппараттың концепциясын жасап шығарды.
– Біз пластик бөтелкелерді қабылдайтын жоба бойынша жұмыс істедік. Мұндай құрылғылар дамыған елдерде қолданысқа ие, ал Қазақстанда мұндай аппараттар жоқ. Сондықтан мұндай құрылғы бізде үлкен сұранысқа ие.
Біздер бұл жоба арқылы ақша табуды көздеген жоқпыз.
Біздің мақсатымыз – қоғамдық өмірімізде қоршаған ортаны қорғап, экологияны сақтауды халық арасында насихаттау.
Жастарға креативті дүниелермен айналысуға мүмкіндік берген Huawei компаниясына алғыс айтамыз, – деді Алматы энергетика және байланыс университетінің студенті Кемал Сейдуәлиев.
Huawei компаниясының «Seeds for the Future» бағдарламасы дүниежүзіндегі студенттердің түрлі инновация мен көптеген салалардың дамуына ықпал етіп отырған АКТ саласы бойынша біліктілігін көтеруге жол ашатын маңызды жоба.
Бағдарлама талантты жастарды қолдап қана қоймайды, сонымен қатар білімін шыңдап, болашақта мансабын жоғарлатуға мүмкіндік туғызады. Бағдарлама барысында өзін жақсы қырынан көрсеткен студенттер Huawei компаниясында іс-тәжірибеден өтіп, тіпті, әйгілі компанияға жұмысқа тұрып кетуі де мүмкін.