Қазақ ғалымдары күкіртті жол құрылысына пайдаланудың жолын қарастыруда

Dalanews 09 мау. 2023 05:18 1142

Жолдың сапасы шикізат өніміне тікелей байланысты. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты осы мәселені қолға алған. Отандық ғалымдар жол құрылысына қажетті сапалы шикізатты жасап шығарды.

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты Жол құрылыс материалдары мен жаңа технологиялар бөлімінің басшысы, химия ғылымдарының PhD Салтанат Әшімова «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Қазақстан ғалымдары жергілікті табиғи материалдарды, оның ішінде әктас пен теңіз қабыршығын қолдана отырып, жол құрылысына бе­рік және қолайлы күкіртті-қиыршық тас­ты жасап шығарғанын айтты.

– Отандық ғалымның жетістіктері шетелдік инновациялардан кем түспейтінін айта кетейік. Мысалы, институт мамандары күкіртті битумға қосымша немесе алмастырғыш компонент ретінде қолдануға байланысты зерттеулерді қолға алды.

Бұл – қымбат битумның шығынын азайтуға септеседі. Сонымен бірге күкірттің көмегімен еліміздің батыс өңірлеріндегі жол құрылысындағы өзекті мәселелерді де шешуге болады.

Өздеріңіз білетіндей, Атыаау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында қиыршық тас өндірілмейтіндіктен, жолшыларға қажетті шикізатты басқа өңірлерден тасуға тура келеді. Бұл тиімсіз.


Сондықтан біздің ғалымдар жергілікті табиғи материалдарды, оның ішінде әктас пен теңіз қабыршығын қолдана отырып, оның негізінде жол құрылысына берік және қолайлы күкіртті-қиыршық тасты жасап шығарды. Сондай-ақ битумның тұтқырлығын жақсарту үшін өнеркәсіп қалдықтарын – жылу-электр орталықтары мен қазандықтардан шығатын көмір шаңы мен күлдің ұсақ бөлшектерін қолдану тәсілі зерттеліп жатыр. Наномодификацияланған материалды әзірлеу қоршаған ортаны ластанудан қорғап, ауадағы зиянды қалдықтарды азайтуға оң әсер береді, – деді Салтанат Әшімова.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар