Қазақ әскерінің формасы өзгергенімен, ішкі мазмұны сол күйінде қалып қойған

Dalanews 02 мам. 2022 08:05 1340

Күні кеше ғана орыс тілді әйелдер жаңа мектеп ішінен орыс сыныбын ашу турасында талап қойып, «Путинге дейін шағымданамыз» дегені әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бүгінде қазақ тілділер мен орыс тілді қауымның жиі сөз таластыру әдетке айналғандай... Апта сайын осындай бір дауға куә болатын болдық. Бұл – қауіпті құбылыс. Егер мемлекет бұл мәселеге араласпаса мұның соңы жақсылыққа апармасы анық.  

Мұндай дүниелер бір күнде пайда болмағаны анық. Бұл – құлдық сананың нәтижесі. Айтпақшы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарымен және «Қазақ тілі» қоғамы өкілдерімен сөз таластырған Самал есімді жас келіншектің зайыбы әскери адам екен. Қазіргі таңда әскери салада қызмет етіп жүргендердің көпшілігі орыс тілінің мүддесін қорғап, сойылын соғуға дайын тұрады.

Таяуда бір танысымыз ауызашар дастарханын жайып, біраз адамның басын қосты. Кең дастархан басында әскери салада қызмет ететін бір азамат та болды.

Әңгімеден әңгіме шығып, биыл елімізде әскери шерудің өткізілмейтінін жиналғандардың бәрі қолдап, әңгіме қылысты. Бұдан кейін сөз ауаны Ұлы Отан соғысына ауып, «Бессмертный полк» әңгімеге арқау болды.

Сол кезде әлгі офицер ағамыз «Бессмертный полк» шеруін өткізудің ешқандай сөкеттігі жоқ екенін айтып, бұл – Ұлы Отан соғысында мерт болған аталарымызға көрсетілген құрмет деп қабылдайтынын айтты.

Әскери адамның мына сөзінен кейін көзі ашық тағы бір ағамыз:

– Соңғы жылдары Ресей «Бессмертный полк» шеруін саясиландырып жіберді. Қазақ үшін соғыс құндылық болмауы керек. Ұлы Отан соғысы кезінде мерт болған аталарымыздың әруағына Құран бағыштап, Жеңіс күні жеті шелпек пісіріп еске алсақ жетіп жатыр. Бұл үшін «Бессмертный полк» шеруін өткізудің қажеті жоқ, – деп жөн сөзді айтты.


Бірақ өмір бойы орыстың қаруын ұстап, солар жазып берген «уставпен» өмір сүрген офицер ағамыз айтқанынан қайтпады. Оған салсақ «Бессмертный полк» шеруін өткізе беруіміз керек екен.

Бірақ, ауызашарға жиналғандардың көпшілігі әскери азаматтың сөзін қолдаған жоқ. Осылайша дастархан басында аз-кем пікір-талас орнағанына куә болдық.

Жалып, әскери салада қызмет ететін қазақ тілді офицерлердің орысты жақтап, олардың қаруы Американың қаруынан күшті екенін айтып, дауласа кетуге даяр тұратыны жасырын емес.

Елімізді сыртқы жаудан қорғайды деген көптеген әскерилердің осылай ойлайды. Оларға орыстың пропагандасы өтіп кеткен. Әскердегі «әлемжеттік» олар үшін қалыпты дүние. Бұл жақсылықтың нышаны емес.

Бүгінде қазақ әскерінің формасы өзгергенімен, ішкі мазмұны сол күйінде қалып қойған. Министрден бастап, офицерлердің бәрі орыс тілінде бұйрық беруге даяр тұрады.


Күні кеше ғана Қорғаныс министрі қазақ тілінде ежіктеп мақал шығарып, халықтың сынына ұшырағанына куә болдық. Бүгін ұлты қазақ офицерлерінің әйелдері Путиннен көмек сұраудан арланбады. Бұған кейбір офицерлердің «Бессмертный полк» шеруін өткізуді қалыпты дүние санайтынын қосыңыз. Ал осыдан қандай қорытынды шығаруға болады?

Біздің әскери салада қызмет ететін офицерлердің ой-пайымын өзгертуіміз керек.

Егер мұндай профилактикалық шараны жүргізбесек, Ресей әскері еліміздің шетінен кіріп келсе, қазақ офицерлерінің әйелдері қолдарына гүл алып, қауанышпен оларды қарсы алуы бек мүмкін.

Сондықтан әскери салада идеологиялық іс-шараларды күшейткен абзал. Әскери ережелерді қазақ тіліне аударып қана қоймай, олардың бәрін қазақ рухта қайта жазу қажет. Әскерилердің қолданатын кітаптары көп емес, ары кетсе, оншақты кітап. Солардың бәрін қазақ тілінде жазып шығуымыз керек. Әйтпесе, мынадай әскер бізді ұшпаққа шығармайды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар