"Қаржылық сауат" телеграм арнасының сарапшылары қайтыс болған адамның несиесіне қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлеуметтік желіде "Өлсең де кредит кешірілмейді" деген жазба тараған. Әлеуметтік желіде жазылған пост авторы басынан өтіп жатқан оқиғасын баяндапты. Қысқаша түйсек, былай деп жазған еді:
"Сіңілім үй жөндеуге 2,6 млн теңге несие алып, оны екі жыл бойы төлеп келген екен. Бірақ ол қайтыс болғанда қарыз сомасы мүлдем азаймағанын білдік. Төленген ақшаның бәрі тек банктің пайызын жауып тұрған. Банк алдындағы қарызы мұрагері ретінде ата-анамның мойнында қалды. Сол үшін амалсыз 2,6 млн теңгені толық төлеп, несиені жабуға мәжбүр болдық. Өзі де (сіңлісі) сақтандырудан бас тартқан екен, бірақ "аяқ асты өліп қалам" деп ешкім де ойламайды ғой..."
Жалпы мағынасы осы. Жазбаның көп адамға әсер еткенін жұрт реакциясынан байқадық. Сосын бұл ақпаратты көпшілік біліп жүрсін деген ниетпен "ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ" ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне журналистік сауал жолдаған.
Агенттіктің ресми позициясының 4 негізгі пункті:
1. Міндетті сақтандыру енгізіле ме?
Жоқ. Халықаралық тәжірибеге қарамастан, Агенттік қазіргі уақытта "несиені міндетті сақтандыру" тетігін енгізуді қарастырып отырған жоқ. Заң бойынша (Азаматтық кодекс, 806-бап), азаматқа өз өмірін сақтандыруды міндеттеуге болмайды. Бұл рәсім тек ерікті таңдауға жатады. Банктер сақтандыруды ұсына алады, бірақ клиенттен оны талап ете алмайды.
2. Қарызды есептен шығару (списание) талабы қойыла ма?
Жоқ. Банктерге марқұмның қарызын толық немесе ішінара есептен шығару туралы нормативтік талаптар қою жоспарда жоқ. Кредиторлар әр жағдайды (мұрагердің әлеуметтік жағдайын) жеке тәсіл қолдана отырып, өздерінің ішкі саясатына сәйкес қарайды.
3. 6 ай күту кезінде пайыз бен өсімпұл есептеле ме?
Иә. Заңнамада мұраны қабылдау кезеңінде (6 ай) пайыздар мен өсімпұлдарды есептеуді тоқтата тұруды міндеттейтін тікелей норма жоқ. Бұл - бүгінгі заңнамадағы ең үлкен мәселенің бірі. Есептеуді тоқтату-тоқтатпау - банктің өз еркіндегі шаруа.
4. Неліктен банктер әртүрлі саясат ұстанады?
Әлгі жазбада автор екі банкті мысал етіп, пайыз бен өсімпұлға қатысты екеуі екі түрлі шарт ұсынғанын жазған еді. Яғни, біреуі оның бәрін тоқтатса, екіншісі түгел өндіріп алса керек. Осыған қатысты сұрағымызға орай Агенттік те банктерде бұл мәселеде бірыңғай тәсіл жоқ екенін растап отыр. Біріздендіру туралы нақты жоспар туралы да айтылмады. Яғни, әр банк өзіне төнген қатерді (риск мәселесін) ішкі ережелеріне сай реттейді. Мұрагерлер берешекті реттеу үшін банкке өз аяғымен барып, келіссөз жүргізуі керек.
Мұрагер нені білуі керек?
Жауапкершілік шегін білу керек. Мұрагер марқұмның қарызын тек өзіне өткен мүліктің құны шегінде ғана қайтаруға міндетті. Мысалы, егер мұраға қалған мүлік құны 1 млн, ал қарыз 10 млн болса, банк сізден 1 млн-нан артық талап ете алмайды.
Банкпен байланысу керек. Туысының қайтыс болғаны туралы куәлікті банкке бірден өткізіп, пайыздарды тоқтату туралы өтініш жазған дұрыс. Бұл қадам кем дегенде өсімпұлды (пения) өсірмеуге немесе пайыздарды қайта қарауға мүмкіндік беруі мүмкін.
Мұрадан бас тартуға болатынын білу керек: Егер қарыз мүліктен көп болса, мұрадан толық бас тарту - заңды жол.
Қандай қорытындыға келуге болады?
Несие аларда сақтандырудан қашпаған дұрыс сияқты. Полис артық шығын болмас. Шындап келгенде, ол басыңа күн туғанда ата-анаң мен бала-шағаңды банкке телміртпейтін жалғыз қорған болып тұр. Әйтпесе, ажал айтып келмейді, артымызда қарыз қалатын болса, оның зардабын жазықсыз жақындарымыз тартады. Ал, сақтандырылсақ, қарызды компания жабады да, маңдай термен жиған үй/мүлкіміз туыстардың қолында қалады. Банк - коммерциялық ұйым. Ол бәрібір тиынын түгендеп алуға барын салады. Сондықтан, несиені сақтандыруға мән бере жүрген дұрыс секілді. Шешім өзіңізден.
