Қайтарылған актив: Жетісу облысында 1,4 млрд теңгеге жаңа мектеп салынады

Қаракөз Амантай 07 ақп. 2025 09:33 1449

Президенттің тапсырмасына сәйкес, мемлекетке қайтарылған активтер әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталуда. Осы мақсатта Үкімет Арнайы мемлекеттік қордан Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Көксай ауылында жаңа мектептің құрылысына 1,4 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазіргі таңда ауылда 53 оқушы екі ауысымда оқитын жалғыз мектеп бар. Білім ордасында спорт және акт залдары, асхана жоқ, сондай-ақ пәндік кабинеттердің жетіспеуі оқу процесіне кері әсер етуде. Бұл мәселені шешу үшін 60 орындық жаңа мектеп бой көтермек.

Жаңа оқу орны заманауи стандарттарға сай салынып, ауыл оқушыларына сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мектептегі орын тапшылығы да реттелмек. Қазірдің өзінде ауылда 7 жасқа дейінгі 28 бала бар, яғни алдағы жылдары оқушы саны арта түспек.

Жалпы, Үкімет Арнайы мемлекеттік қор есебінен 58 млрд теңгені әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына бағыттаған.

Бұл қаражат есебінен 5 мектеп (біреуі – музыкалық), 2 спорт кешені, көпсалалы аурухана, жатақхана, 2 балабақша және жедел медициналық жәрдем стансасы салынады.

Сонымен қатар, Арқалық, Астана және Алматы қалаларында заңсыз иемденілген активтерді қайтару аясында бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар