Қайтарылған активтерді басқару компаниясы коллекциялық монеталар мен зергерлік бұйымдарды сатуға қойды. Лоттардың жалпы бастапқы бағасы — 67 339 496 теңге, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Nege.kz телеграм арнасының мәліметінше, сатылымға шығарылған құнды заттардың қатарында “Салт-дәстүрлер, ұлттық ойындар” сериясынан шыққан күміс монеталар бар. Атап айтқанда, “Бата”, “Беташар” және бірден төрт дана “Сүйіндір” монетасы, сондай-ақ екі дана “Шыңғысхан” және бір дана 500 теңгелік “Troops of Chinggis Khan” монетасы ұсынылған.
Барлық бұйым жаңа күйінде сақталған, көпшілігі түпнұсқа қаптамасы мен арнайы қобдишаларында тұр.
“Сауда мемлекетке қайтарылған активтерді іске асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл бұйымдардың нақты қайдан алынғаны ресми құжаттарда көрсетілмегенімен, олар Кайрат Сатыбалдымен байланысты болуы мүмкін. 2024 жылы Қазақстан Бас прокуратурасы оның және айналасындағы тұлғалардың иелігінен жүздеген миллион теңгеге бағаланатын 174 сән-салтанат бұйымы — эксклюзивті әшекейлер, брендтік сағаттар мен коллекциялық монеталар тәркіленгенін хабарлаған еді”, — дейді дереккөз.