Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев бүгін ОКҚ-да өткен брифинг барысында Алматыда өтетін "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчына қанша турист келетінін және бюджетке қанша түсім түсуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол бұл ретте билеттердің барлығы сатылып кеткенін еске салды.
"Алматыда туристерді қабылдауға барлық жағдай жасалған. "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчы 4 мыңнан астам туристерді тартып, бюджетімізді шамамен 2-3 млрд теңгемен толықтырады деп күтіледі", - дейді Нұртас Кәріпбаев.
Ол Алматының инфрақұрылымы толығымен дайын екенін атап өтті, өйткені қала бұған дейін Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys сынды әлемдік жұлдыздардың концерттерін өткізген.
Айта кетсек, 29 қыркүйекте түнде Алматыға Килиан Мбаппе, Винисиус Жуниор және Джуд Беллингем сынды футбол әлемінің жұлдыздары бар "Реал-Мадрид" командасы келіп жетті. Олар бесжұлдызды InterContinental Almaty қонақүйіне орналасты. Кейбір БАҚ 277 бөлмеден тұратын 15 қабатты қонақүйді шетелдік клуб бүтіндей жалға алғаны туралы ақпаратты да ұсынуда.
Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің екінші турындағы "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчы 30 қыркүйекте Алматыда өтеді.