Қайрат Боранбаевқа қатысты барлық қылмыстық істер жабылған - ҚМА

Кәмшат Тілеухан 19 ақп. 2025 12:09 643

ҚР Парламенті Мәжілісінің дәлізінде Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты бүгіндері қандай тергеулер шаралары жүргізіліп жатқандығы туралы журналистердің қойған сұрағына жауап берді, деп жазады Dalanews.kz.

Журналистер бұған дейін Боранбаевтың бюджет қаражатын ұрлап, салық төлеуден жалтару бойынша күдікке ілінгенін сөзге тиек етті.

"Қазіргі уақытта оған қатысты қарастырылып жатқан қылмыстық істер жоқ. Барлық қылмыстық істер соңына жеткен. Салық төлеуден жалтару мәселесіне келетін болсақ, ол залал сомасын толығымен өтегендіктен, біздегі Қылмыстық кодекстің нормасына сәйкес, ондайда қылмыстық істі тоқтату талап етіледі", деді Елемесов.

Осылай деген ҚМА өкілі Қайрат Боранбаевқа қатысты сотта да қарастырылып жатқан ешқандай іс жоқ екенін нақтылады.

Айта кетсек,2023 жылы Қайрат Боранбаев аса ірі мөлшерде мемлекет қаражатын ұрлады және қылмыстық кірістерді заңдастырды деген күдікпен ұсталды. Тергеу деректері бойынша, 2019 жылы ол өз иелігіндегі "АзияГаз Шонжы" ЖШС арқылы газ жеткізу кезінде QazaqGaz ұлттық компаниясының қаражатын жымқырды, кейіннен ұрланған 14,5 млрд теңге мөлшеріндегі қаражат заңды кәсіпкерлік қызметтен алынған құсап дивидендтерді бөлу және төлеу түрінде заңдастырылған. "Тергеу барысында келтірілген залал толық көлемде өтелді", делінген ҚМА хабарламасында.

Агенттік заңсыз кірістер есебінен сатып алынған шетелдік активтерді белгілеу және бұғаттау жұмыстарын жүргізіп жатқаны да айтылды.

Кейіннен ол көптеген активін мемлекетке қайтара бастады. Мысалы, былтыр қарашада Қайрат Боранбаевпен байланысты Қарағандыдағы фармацевтикалық зауыт бюджетке 105 миллион теңгені қайтарды. Бұл ақша бұрын "Спутник V" вакцинасының пайдаланылмаған дозалары үшін бөлінген. Сол секілді "АзияГаз Шонжыны" Самұрық-Қазына қоры иелегіне өтті. Сондай-ақ Қайрат Боранбаевқа тиесілі, құны 35 млрд теңге болатын Phystech II мұнай компаниясы толығымен мемлекет балансына өтті.

Осылайша түрлі істерден басын әбден аршып алған Қайрат Боранбаевтың 2024 жылы қарашада бұрын өзі басшылық еткен "Қайрат" футбол клубына оралғаны белгілі болды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар