«Қазақмыс» корпорациясы Қарағайлы байыту фабрикасын жаңғырту және өндірістік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Компанияның басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Қарағайлы кентіне жұмыс сапары барысында кәсіпорынның өндірістік қызметімен танысып, технологиялық жабдықтарды жаңарту және өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын талқылады.
Қарағайлы байыту фабрикасы Абыз, Ақбастау және Қажықонған кен орындарынан өндірілетін полиметалл кенін өңдейді. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 1,4 млн тонна кенді құрайды. Мұнда мыс және пирит концентраттары өндіріледі.
Сапар барысында сүзгілеу учаскесіне жаңа жабдық сатып алу, қалдық шаруашылығындағы қойыртпақ құбырларын ауыстыру, ауыз су жүйесін жаңғырту және ұсақтау корпусының қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етілуі сияқты негізгі жобалар қаралды. Компанияның мәліметінше, бұл шаралар жабдықтардың сенімділігін арттырып, өндірістегі жоспардан тыс тоқтап қалу тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
«Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалының 2026 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында жабдықтар, материалдар мен қосалқы бөлшектер сатып алуға 5,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның ішінде 3 млрд теңгеге жуығы Қарағайлы байыту фабрикасына, ал қалған қаражат Ақбастау, Абыз және өзге кеніштердің қажеттіліктеріне бағытталады.
Инвестициялар сүзгілеу, ұсақтау және конвейер жүйелерін жаңғыртуға, құбыр және сорғы инфрақұрылымын, электр жабдықтарын жаңартуға, сондай-ақ өндірістік процестің қауіпсіздігі мен үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалады.
Сонымен қатар кәсіпорынға қызмет көрсету үшін жаңа тиеу техникасын сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл өндірістік жұмыстарды жеделдетіп, жалға алынатын техниканың үлесін азайтуға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары барысында Руслан Өскенәлі Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан «Сосновый бор» учаскесін де аралады. Ондағы тұрғын үйлер мен инженерлік желілердің техникалық жай-күйі бағаланып, оларды кезең-кезеңімен жөндеу және жаңғырту жоспарлары талқыланды.
Компания мәліметінше, Қарағайлы байыту фабрикасын жаңғырту «Қазақмыс» тобының өндірістік активтерді кезең-кезеңімен жаңарту және еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламасының бір бөлігі болып табылады.