Freedom Inside '26

“Пайда табуды көздемедім”. Бажкенова бірнеше пәтерді не үшін сатып алғанын түсіндірді

“Пайда табуды көздемедім”. Бажкенова бірнеше пәтерді не үшін сатып алғанын түсіндірді
Фото: todayinfo.kz

Алматыда өтіп жатқан сот отырысында журналист Гүлнар Бажкенова өзіне тағылған заңсыз кәсіпкерлік қызмет туралы айыпты жоққа шығарды. Оның айтуынша, пәтер сатып алу-сату әрекеттері кәсіпкерлік емес, жеке жинағын инфляциядан сақтаудың тәсілі болған. Бажкенова мұндай мәмілелерден тұрақты табыс табуды көздемегенін мәлімдедідеп хабарлайды dalanews.kz.

Журналистің сөзінше, 2023 жылы қолындағы заңды қаражатты банкте сақтағаннан гөрі жылжымайтын мүлікке салуды жөн көрген.

“Мен мұны ешқашан кәсіпкерлік деп санаған емеспін. Бұл – ақшамды құнсызданудан сақтаудың ең қарапайым жолы болды. Мен әрқашан жылжымайтын мүлік бағасы арзандамайды деп ойладым. Банктегі ақша инфляция салдарынан құнын жоғалтады, ал пәтер – қауіпсіз актив”, - деді Бажкенова.

Ол ұлы дүниеге келгеннен кейін қаржысын болашағына жинай бастағанын айтып, сән-салтанатқа емес, жылжымайтын мүлікке инвестиция салуды таңдағанын жеткізді.

“Мен ешқашан қымбат сөмке немесе көлік алмадым. Керісінше, ақшамды жылжымайтын мүлікке салдым. Себебі оны баламның болашағына арналған қауіпсіз қор деп санадым”, - деді ол.

Бажкенованың айтуынша, 2023 жылғы 10 қазанда Алматыдағы "Metropole" тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алған. Кейін сол жерден тағы бір пәтерді иеленген.

“Алғашында сол пәтерлердің бірінде тұрамын деп ойладым. Кеңсеме жақын, жақсы аудан болғандықтан таңдадым. Бірақ кейін баламның экологиялық таза ортада тұрғанын қалайтынымды түсіндім. Сондықтан ол жаққа көшпейтін болып шештім”, - деді ол.

Бажкенованың сөзінше, екі пәтерді де шамамен екі жылдан кейін сатқан.

“Мен бұл пәтерлерді арзанға сатып, қымбатқа өткізіп пайда табуды мақсат еткен жоқпын. Екі жыл бойы коммуналдық төлемдерін төледім, жөндеу жасадым, асүй және басқа да жиһаздарды қойдым. Сондықтан қағаз жүзінде пайда көрінгенімен, іс жүзінде оған кеткен шығын да аз болған жоқ”, - деп қосты ол.

Журналист 2025 жылғы 10 қаңтарда аталған пәтерлердің бірін сатып жібергенін айтып, мәміленің нотариус арқылы заң талаптарына сай рәсімделгенін атап өтті.

“Бұл мәміле толық заңды болды. Пәтерді шамамен 78,4 миллион теңгеге сатып алып, кейін 96 миллион теңгеге саттым. Бірақ оның ішінде жөндеу жұмыстарының, жиһаздың және басқа да шығындардың құны бар”, - деді Бажкенова.

Айтуынша, пәтерлерді сатып алған қаражаттың да заңды шығу тегі бар және бұл жөнінде тергеу органдарына түсініктеме берген.

“Ол ақшаның қайдан келгенін тергеуде толық түсіндірдім. Тергеушілер де оны біледі. Сондықтан заңсыз табыс туралы әңгіме болуы мүмкін емес”, - деді ол.

Сотта Бажкенова пәтерлерді қара сылақ күйінде сатып алып, кейін толық жөндеу жүргізгенін айтты.

“Пәтерлерді толық жөндеп, асүйді, қажетті жиһаздарды орнаттым. Кейін сатып алушының өтініші бойынша жөндеу жұмыстары мен жиһаздың құнын бөлек көрсетіп, екі келісім жасадық. Бұл нақты орындалған жұмыстар болатын”, - деді ол.

Сонымен қатар Бажкенова барлық мәміле нотариус арқылы рәсімделгенін және салық міндеттемелерін орындап келгенін айтты.

“Бұрын бір рет салықты уақытында төлемей қалғанымда, Мемлекеттік кірістер органы хабарлама жіберді. Сол бойда салықты өтедім. Барлық ақпарат мемлекеттік органдардың базасында тіркелген, ештеңені жасыру мүмкін емес”, - деді Бажкенова.

Сөз соңында ол бірнеше пәтерді сатып алып-сату заңсыз кәсіпкерлік қызметтің белгісі емес екенін айтты.

“Екі-үш миллион теңге көлемінде табыспен  өзімді кәсіпкер деп санаған емеспін. Егер ондаған пәтерім болып, соны тұрақты түрде сатып жүрсем, басқа әңгіме. Ал менің жағдайымда бұл – жинаған қаражатымды сақтаудың  тәсілі болды”, - деп түйіндеді Бажкенова.

Айта кетейік, 2 шілдеде Алматының Бостандық аудандық сотында журналист Гүлнәр Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Оған үш бап бойынша айып тағылып отыр. Олар – Қылмыстық кодекстің 189-бабы («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету»), 214-бабы («Заңсыз кәсіпкерлік») және 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату»).

Бәжкенова 2025 жылдың 1 желтоқсанынан бері үйқамақта. Сол күні полиция оның үйі мен Orda.kz редакциясында тінту жүргізді. Кейін редакцияның бірнеше қызметкері жауап алуға шақырылды.

Сот оған мемлекет есебінен адвокат тағайындады.